Қандай мемлекеттік қызметтер сыбайлас жемқорлыққа бейім?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссияның отырысында жергілікті атқарушы органдар көрсететін сыбайлас жемқорлыққа ең бейім мемлекеттік қызметтер мәселесі талқыланды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқық бұзушылықтарға Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары және Нұр-Сұлтан қаласына жиі жол беріледі. Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдегендей, жемқорлық әрекеттерінің 20 пайыздайы жер мәселесімен байланысты болып отыр.
«Соңғы 3 жылда мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне байланысты 600-ден аса сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылық тіркелген. Әрбір бесінші құқық бұзушылыққа жер қатынастары басқармасы мен бөлімдерінің лауазымды қызметкерлері жол берген. Бұл жердегі парақорлық, алаяқтық пен қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалануға қатысты қылмыстар жер телімдерін беру, олардың мақсаттық бағытын заңсыз өзгерту, жалға беру құқын ұзарту, сондай-ақ, жер құрылысы жобаларын кедергісіз бекіту т.с.с. кезінде орын алған», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры Ильдар Үйсінбаевтың пікірінше, жергілікті мемлекеттік органдар бюрократиямен әуестеніп кеткен. Көп жағдайда азаматтардан басы артық құжаттарды талап етеді. Үстіміздегі жылы 500-ден астам бақылау іс-шаралары жүргізілген.
«Талдау жұмыстары азаматтар көп жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі заңға қайшы әрекеттерге және жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы және әлеуметтік салалардағы негізсіз бас тартуларға байланысты шағымданатынын көрсетті. Жалпы түскен арыз-шағымдардың 44 % жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің әрекетіне байланысты болып келеді, - деді ол.
Отырысқа кәсіпкерлер атынан «Атамекен» ҚР Кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов қатысты. Ол өз баяндамасында жер телімдері туралы қолжетімді ақпараттың жоқтығы кәсіпкерлер үшін басты проблемаға айналғанын айтты.
«Заңда конкурсты (конкурстар жер телімдері болған және босатылған кезде өткізіледі) өткізу реті мен міндеті көрсетілмеген. Бұл өз кезегінде кейбір шенеуніктердің жағдайды өз пайдасына шешуге мүмкіндік туғызады. Жалпы алғанда, әкімдіктерде бос жатқан жер телімдері туралы ақпарат тапшылығы қолдан жасалып, оның ақыры жемқорлыққа жол табуға алып келеді», - деді Рүстем Жүрсінов.
Жиын соңында Комиссия орталық және аймақтық мемлекеттік органдарға арналған бірқатар ұсыныстар қабылдады. Атап айтқанда, Комиссия төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина өңірлік әкімдіктерді жер реформасына байланысты халықаралық тәжірибеге назар аударып, оны Қазақстанда енгізу мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Сонымен бірге, Комиссия басшысы 2025 жылдың 4 тоқсанына дейін Қазақстанның барлық аймағында мүлікті түгендеу мен инженерлік коммуникацияларды цифрлық жүйеге енгізуді ұсынды.
«Бекітілген жұмыс кестелеріне сәйкес жер учаскелерін түгендеу және жер учаскелерінің координаттарын, сондай-ақ олардың мақсатты пайдаланылуының сәйкестігін анықтау жұмыстарын жүргіземіз. Бірыңғай талаптарға сәйкес аймақтық геопорталдар жасап, оның жұмысын жетілдіру және «Бірыңғай мемлекеттік кадастр» АЖ-мен біріктіруді жүзеге асыру керек. Жер кодексіне сәйкес тоқсан сайын жер телімін алған адамдардың тізімдерін орналастырып, ақпаратты толықтырып отыру қажет», - деді сөз соңында Майра Айсина.