Бүгiн 2026, 16:31 Фото: gov.kz

Қандастарға қойылған талаптар қисынсыз ба? – Депутат Үкіметке хат жазды 

Депутат қазіргі талаптарға сәйкес, Қазақстанға келетін қандастарға үш негізгі шарт қойылатынын айтты.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров әлеуметтік желідегі парақшасында Үкіметке ресми хат жолдағанын мәлімдеді. Ол шетелден тарихи отанына қоныс аударып жатқан қандастарға қойылып отырған талаптардың бірқатарына қатысты мәселе көтерді.

Депутаттың айтуынша, қазіргі талаптарға сәйкес, Қазақстанға келетін қандастарға үш негізгі шарт қойылады. Атап айтқанда, қазақ тілінен емтихан тапсыру, сотталмағаны туралы анықтама ұсыну және шыққан елінен кету парағын рәсімдеу қажет.

Саиров тіл мәселесіне ерекше тоқталды. Оның сөзінше, қандастар Қазтест жүйесі бойынша тест тапсырғанда кемінде 30 балл жинауы тиіс. Ал Қазақстан ішінде мемлекеттік қызметке орналасу үшін осы тесттен өту кезінде шекті балл талап етілмейді.

Қандастар әр емтихан үшін 9 мың теңге төлейді. Бұл соманың қалай қалыптасқаны және қандай негізге сүйенгені түсініксіз, – деді депутат.

Сонымен қатар, ол шетелдегі қазақтардың басым бөлігі төте жазуды қолданатынын атап өтті. Сондықтан ауызекі қазақ тілін жақсы меңгергенімен, кириллицамен жазу барысында қиындықтарға тап болатынын жеткізді.

Депутат тағы бір маңызды мәселе ретінде сотталмағаны туралы анықтама алу қиындығын көтерді. Оның айтуынша, кейбір елдердегі қазіргі жағдайға байланысты мұндай құжатты рәсімдеу оңай емес.

Бұдан бөлек, кету парағына қатысты талаптардың да бірізді емес екені айтылды. Кейбір мекемелер бұл құжатты міндеттесе, енді бірі азаматтық алмай тұрып елден кету мәселесін түсіндіруді талап етеді.

Екі айдың ішінде Қазақстанға келген қандастар түрлі әкімшілік кедергілерге тап болып отыр, – деді ол.

Сонымен бірге депутат қандастардың мемлекет белгілеген талаптарға қарсы емес екенін, керісінше қолдайтынын жеткізді. Алайда, оның пікірінше, тарихи отанына оралған қазақтарға артық бюрократиялық тосқауылдар қойылмауы тиіс.

Бұған дейін қандастар жаңа өңірде міндетті түрде жұмысқа орналасуы тиіс деген заң жобасы жарияланған еді.