Қандастардың көбі уақытша жұмыста жүр – Еңбек министрі
Қазіргі таңда көші-қон процесіне скоринг жүйесі енгізілген.
Көші-қон саясатына енгізілген өзгерістерден кейін қандастар легі азайды ма, әлде артты ма? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифинг барысында журналист көші-қон саясатына енгізілген жаңашылдықтардың әсерін сұрады. Министрдің айтуынша, Қазақстанға келгісі келетіндер үшін шектеу жоқ, бірақ жаңа тәртіп енгізілген.
Біздің есігіміз ашық. Біз ешкімге есігімізді жаппаймыз. Бүкіл эмигранттардың келгенін қолдаймыз. Егер жұмыс істеймін десе, оның тәртібі бар, азаматтық алам десе, оның да тәртібі бар, – деді Асқарбек Ертаев.
Министрдің сөзінше, қазіргі таңда көші-қон процесіне скоринг жүйесі енгізілген. Бұл механизм арқылы елге келушілердің білімі мен кәсіби деңгейі сараланып, еңбек нарығындағы сұранысқа сай іріктеу жүргізіледі.
Егер эмигрант елімізге келіп, азаматтықты алам десе, оның нақты білімі анықталады. Орта немесе жоғары білімі болса, сұранысқа қарай іріктеледі. Ал білімі болмаса, әлеуметтік көмек көрсету үшін балабақшаға орналастыру, жұмысқа орналастыру бағытында жеті аймаққа бекітіледі. Отбасына да жұмыс табу керек. Көші-қон саясаты сол үшін жасалып отыр, – дейді министр.
Сондай-ақ ол өткен жылғы тәжірибеге тоқталып, бірқатар мәселелерді атап өтті. Атап айтқанда, Алматы мен Алматы облысына қоныс аударған қандастардың басым бөлігі тұрақсыз жұмыспен шектелген.
Өткен жылы байқадық, Алматыда және сол өңірге қоныс аударған қандастардың көбі уақытша жұмыста жүр. Уақытша жұмыс деген бүгін бар, ертеңі белгісіз. Есігіміз бәріне ашық. Білім болмаса, көмек ретінде көрсетеміз. Ол жалғыз жұмыспен қамту емес, жеті аймаққа бағытталған жоспар. Тек жақсы жағынан қол созамыз, – деді Ертаев.
Еске салсақ, бұған дейін қандастар жұмысқа орналасуға міндетті екені айтылған еді.