Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қызметі енді eGov.kz порталында қолжетімді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының «Бюрократиядан арылту туралы» Жарлығын орындау аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметін цифрлық форматқа көшірді. Енді ол «Электрондық үкімет» (eGov.kz) порталында қолжетімді.

Бұрын бұл қызмет еліміздің ХҚКО-да және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарында көрсетілетін. Енді қызметке eGov.kz порталында тапсырыс беруге болады. Қолданушыда ЖСН және электрондық цифрлық қолтаңба болуға тиіс.

Қызметті алу үшін өтініш беруші барлық міндетті жолдарды толтырып, сұратылған құжаттарды қоса беруі қажет. Тіркелген файлдар pdf немесе jpg форматында болуы керек.

Өтінім берген кезде қолданушы қандас мәртебесін беру немесе ұзартуға қатысты отбасы мүшелері бойынша да мәліметтерді толтыра алады. Бұл ретте  отбасы мүшелерінің санына  шектеу жоқ. Бұдан әрі қолжетімді тәсілдердің бірімен сұрау салуға қол қою қажет.

Ұсынылған деректер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы тексеріледі.

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі – 4 жұмыс күні. Нәтижесінде өтініш беруші қандас куәлігін алады немесе жергілікті атқарушы орган қандас мәртебесін ұзарту туралы шешім қабылдайды. Өтініште ұсынылған құжаттар мен мәліметтер дұрыс болмаған жағдайда, қолданушыға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылады.

Нәтижелер электрондық құжат түрінде қолданушының «Жеке кабинетіне» жіберіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы