Қанай «Бозторғайым» әнін рұқсатсыз орындаған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жас әнші Нұрболат Қанайдың продюсері Асхат Сабиров Bosat подкасты барысында «Бозторғай» әнін орындауға рұқсат сұрауды ұмытқанын жеткізді.
«Бозторғайым» әнінің мағынасын Ескендір Хасанғалиев ағамыз айтып кетті ғой. Негізінен ол туған жерін сағынған азаматты бозторғай арқылы суреттегісі келді. Яғни, ән Қазақстан, туған жер туралы, елге деген сағынышты білдіреді, - деді әнші Нұрболат Қанай.
Өз кезегінде әншінің продюсері Асхат Сабиров әннің аяқ асты шығып кеткенін жеткізді.
Біз «Маска» шоуына дайындалып жүр едік. Сол жобада ән айтылды. Бір аптаның ішінде біз оған түсірілімді жасауымыз керек болды. Әнді қайта-қайта тыңдағанда көңіл босады. Осы кездері Маңғыстаудағы сарбаз көз жұмған еді. Біз оның анасына хабарласып, осы әнді баласынан айырылған аналарға арнағымыз келетінін айттық. Осылайша, ол кісінің рұқсатын алып, бейнебаянға қосатын болдық,- дейді продюсер.
Продюсердің айтуынша, Ескендір Хасанғалиевтің баласы мен апасы хабарласып, олардан рұқсат сұрамағанын жеткізген.
Біздің команданың құрамында адам көп. Бір аптада үлгереміз деп жүріп, ол кісілерден рұқсат сұрауды ұмытып кетіппіз. Кейін мен оларға хабарласып, кешірім сұрадым. Олардан құжатын сұрап, келісімшарт орнатуға келістім. Монетизация кезіндегі табыстың 50 пайызы оларға түсетінін ескерттім. Себебі әннің авторы Ескендір Хасанғалиев ағамыз ғой, - деді Асхат Сабиров.