Қанатбек Сафинов Шымкент медиаторларына Конституциядағы өзгерістер туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының депутаты Қанатбек Сафинов Түркістан облысы мен Шымкент қаласында медиаторлармен және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесіп, медиацияны дамыту мәселелері бойынша әңгіме өрбітті.
Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сенатор кездесу барысында қатысушыларға алдағы республикалық референдумның маңызы мен Конституцияға енгізілген негізгі өзгерістер туралы айтып берді.
Еліміздің болашағы үшін алдағы референдумның маңызы зор. Ол әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бағытымызды нығайтады, - деді Қанатбек Сафинов.
Кездесуге қатысушылар сондай-ақ демократиялық өзгерістерге бағытталған саяси реформалардың маңызын атап өтті. Олар сонымен қатар осы саладағы заңнаманы қолдану кезінде кездесетін проблемалық мәселелер туралы айтып берді және медиация институтын дамыту туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.
Сенатор медиаторлардың ұсыныстары осы сала бойынша алдағы уақытта қаралатын заң жобаларында ескерілетінін атап өтті.