Қанат Сахария: Жасанды интеллект журналисті алмастыра алмайды
Astana Media Week 2025 аясында елордадағы "Qazcontent" АҚ ұйымдастырған "Журналистика тоғысында: жасанды интеллекті бар цифрлық медианың пайда болуы" атты панельдік сессияда "MEDIA HOLDING "ATAMEKEN BUSINESS" ЖШС бас директоры Қанат Сахария жасанды интеллект дәуірінде журналистиканың болашағы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикердің айтуынша, журналисті жасанды интеллектпен толық ауыстыру мүмкін емес, себебі машинада бұл мамандықтың негізін құрайтын басты адамдық қасиеттер жоқ.
Журналист пен жасанды интеллекттің айырмашылығы неде? Біріншіден – әділдікке деген өткір сезім. Екіншіден – кәсіби сыни ойлау. Бұл екеуі ЖИ-де жоқ және жақын уақытта пайда болады деп айту қиын, – деді Сахариянов.
Ол жасанды интеллект әрқашан адам басқаратын құрал болып қала беретінін атап өтті.
Жасанды интеллект ешқашан “Мен сондай болғым келеді” деп айта алмайды. Оның моральдық немесе этикалық қағидалары жоқ. Сондықтан журналистің сыни ойлауы мен әділдік сезімін ешқандай технология алмастыра алмайды, – деп қорытындылады Atameken Business директоры.
Еске салсақ, Елордада өтіп жатқан Astana Media Week 2025 аясында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов медиа мен коммуникация саласында жасанды интеллектті реттеу және дамыту жөнінде мемлекет ұстанымын айтты. Оның сөзінше, ЖИ туралы жаңа заң медиа саласының цифрлық трансформациясына құқықтық негіз қалыптастырады.