Қанат Қожахметов: Сана түзелмей қоғамда сыбайластық жемқорлық көріністері сейілмейді

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысы – 2018 жылы өз алдына бөлек аймақ болып шыққалы көп уақыт өте қойған жоқ. Өңірде қажетті инфрақұрылым, әлеуметтік сала, мәдениет т.б. барынша қарқынды дамып келеді. Осы ретте аймақтың даму процесінде жемқорлық көріністері орын алды ма? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мұның алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізуде? Жалпы, облыс жұртшылығы департамент жұмысымен қаншалықты таныс? Осы сауалдар төңірегінде біз департамент басшысы Қанат Қожахметовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қанат Оспанұлы, ең алдымен Түркістан облысындағы жемқорлықпен күрес шаралары қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде айтып беруден бастасаңыз?

– Өздеріңізге белгілі,  Түркістан облысы – 3 қала, 14 аудан, 834 ауыл мен 177 ауылдық округтен тұратын әкімшілік-аумақтық бөлінісі жағынан үлкен өңірлердің бірі. Облысымызда жалпы саны  екі миллионнан аса тұрғын бар. Бұл өз кезегінде Департамент қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес жүргізуде айрықша жоғары жауапкершілік жүктеп қана қоймай, халықтың талап-тілегін жедел қанағаттандыру қарқынын арттыруды талап етеді. Сондықтан, қазіргі таңда қоғамда жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді тетіктерін жұмыс тәжірибемізге енгізе отырып, кешенді шараларды іске асырудамыз. Бүгінде біз жазалау шараларынан бұрын, сыбайластық тәуекелдерінің туындауына себеп болатын жайттарды анықтау арқылы әлеуметтік індеттің алдын алуға айрықша басымдық берудеміз. 

Атап айтсақ, осы жылдың басынан бері жемқор қоғам болмауға қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру үшін түрлі мақсатты топтар арасында парасаттылық, адалдық, әділдік құндылықтарына негізделген түсіндіру шаралары мен 918 мың адамды қамтыған 2517 түрлі бағыттағы іс-шараларды өткіздік. Сана түзелмей, қоғамда сыбайластық жемқорлық көріністері сейілмейтінін ескере отырып, қазіргі таңда қоғамдық ойға қозғау салатын алдын алу жұмыстарын күн тәртібінен түсірмей келеміз. 

Өзіңіз басқарып отырған Департаментпен өткен жылы қанша қылмыс анықталды? Оның қаншауы сыбайлас жемқорлық қылмыстары?

– 2021 жылдың 12 айында жедел-тергеу бағытында Департаментпен 96 қылмыс анықталды, оның 66-сы сыбайлас жемқорлық қылмысы.

Байқағанымыздай, сыбайлас жемқорлық қылмысы көп тіркелген екен. Осы сыбайластық бойынша қай сала көш бастап тұр?

– Біздің өңірде сыбайлас жемқорлық қылмыстары ең көп тіркелген әлеуметтік қорғау саласында – 12, полиция, білім, денсаулық сақтау салаларында – 9, тұрғын үй саласында – 7, ауылшаруашылық және құрылыс салаларында – 6 қылмыстан тіркелген. Осы аталған салаларда орын алып жатқан жемқорлық құқық бұзушылықтарын болдырмау және оның алдын алу мақсатында Департамент тарапынан түрлі бағыттағы кездесулер ұйымдастырылып, бекітілген кестеге сәйкес ұжым қызметкерлеріне тұрақты негізде түсіндіру шаралары жүргізілуде. Атап өту қажет, бұл бағытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жиі ұшырасу себебін және оның туындауына ықпал ететін жағдайларды анықтауға барынша күш салып келеміз.

Түркістан жерін жемқорлықтан таза аймақ ретінде қалыптастыру мүмкін бе?

– Біз өңірдің барлық мақсатты топтары арасында іс-шаралар жоспарын әзірледік. Осы жоспар шеңберінде барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы органдар мен жастар, дін, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, квазимемлекеттік сектор өкілдері, кәсіпкерлер, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және өнер салаларының өкілдері мен басқа да топтар қамтылды. Іс-шараларды ұйымдастыру кезінде азаматтармен бірлескен өзара іс-қимылдар жасау жөніндегі жұмысқа ерекше назар аударылатын болады. Сондай-ақ, көпшіліктің назары тез түсетін сыртқы әлеуметтік жарнама арқылы да азаматтардың санасына әсер еткіміз келеді. Осы орайда 1424 Call-орталығының деректері көрсетілген эскиздер жаңартылды. Аудандар, қалалар, ауылдық округ әкімдіктерінде Лед-экран, билборд, аспалы баннерлер орналастырылды.

Сонымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай саясат жүргізіп жатырсыздар? Арнайы бір тұжырымдамаларыңыз бар болар, болса негізгі бағыттары қандай?

– Негізі, қоғам дамығысы келсе оны арнайы бір департамент немесе мемлекеттік органдар қанша жұмылса да алысқа бармауы мүмкін. Сондықтан біз өмір сүріп отырған ортада әрбір азамат өзі де парасатты қоғам құруға, жемқорлықты азайтуға мүдделі болуы және оған атсалысуды өзінен бастауы тиіс деп ойлаймын. Мәселен, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы негізгі жеті бөлімнен тұрады. Айталық қоғамымызда жемқорлық кеңінен етек жаймасы үшін ең алдымен оған қарсы саясатты дамыту, жазаны қатаңдату, оған әрбір азаматты белсене қатысуға тарту және т. б. аса маңызды мәселелер қамтылған.

Мұндағы басты жаңалықтардың бірі – негізсіз баю, шет елдердегі  активтерді қайтару, әрбір заңды тұлғаның жауапкершілігін арттыру және адалдықты тексеретін «Integrity check» енгізу қарастырылған.

Парасатты мәдениет пен парасатты бизнесті ынталандыру, жемқор қоғамды болдырмау туралы саясатты күшейтіп, бұл жөнінде азаматтарға ақпараттың қолжетімді болуын, шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған ағартушылық іс-шараларды жүйелеу, жемқорлықты азайту үшін цифрландыруды жетілдіру, мүдделердің қақтығыспауын, сондай-ақ азаматтардың құқықтық мәселесін қорғау көзделген.

Түркістан облысының құрылғанына биыл маусымда төрт жыл толады. Жаңадан ашылған облыс болғандықтан мұнда кәсіпкерлер мен бизнесмендер өз ісін дамытқысы келетіні заңдылық. Бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай ұсыныстар бар, қалай бақылайсыздар?

– Жаңа айтып өткенімдей, төрт жылды қамтыған жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасы облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында жан-жақты талқыланды. Аталған шара барысында корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп, Тұжырымдама жобасы жан-жақты талқыланып, қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар берілді. Атап айтқанда, адал бизнес субъектілерінің тізілімін енгізу, бизнес субъектілеріне мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер, преференциялар, сатып алу кезінде шартты жеңілдіктер беру шаралары айқындалады. Тұжырымдаманың бизнеске қатысты міндеттемелерін ірі бизнес қауымдастыққа бағыттау, сондай-ақ, міндеттемелерді бизнес қауымдастықпен ерікті түрде жүргізу, орта және шағын бизнес өкілдерін ынталандыруды жүзеге асыруды көздеп отырмыз.

«Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі туралы көп естиміз. Облыста кеңсе құрылғалы қандай жұмыстарды атқардыңыздар?

– Облыста 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Күнделікті өмірде жемқорлыққа қарсы күрес, қолайлы орта қалыптастыру және мемлекеттік органдарда ашықтықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдар жемқорлық орын алуы мүмкін жерлерге ішкі талдау жұмыстарын жүргізетін жұмысшы топ құрамын бұйрықпен бекітті. «Жергілікті атқарушы органдарды әдістемелік сүйемелдеу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында жұмысшы топ құрамына түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 

Айталық, «Antikor.Live» жобасы аясында ай сайын мемлекеттік орган басшыларымен тікелей эфир ұйымдастыру жоспары бекітілді. Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлескен шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар оқушыларға арналған «Адал ұрпақ», ал колледж бен жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттерге «Саналы ұрпақ» жобаларының іс-шаралар кестесі жасалды. Өзіңіз байқағандай келешегіміз жас ұрпаққа мектеп пен жоғары оқу орындарының қабырғасында жүргенде-ақ жемқорлықтың алға бастырмайтын келеңсіз құбылыс екендігін түсіндіруіміз тиіс. Сонымен бірге, қоғамның жегі құрты атанған дертпен күресу барысы квазимемлекеттік саланы бақылайтын офицерлерге де  түсіндіріледі. 

- Жаңа бір сөзіңізде қылмыскерлерді жазалауға емес, жегі құрт жемқорлықты болдырмаудың жолын қарастыратынын айтып қалдыңыз. Ендеше соған сәйкес қандай жұмыстар атқарудасыздар?

- Иә, бүгінде Агенттіктің жұмысына бірқатар өзгерістер енгізілді.  Түркістан облысында Департаменттің превенция басқармасымен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын алу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, жемқорлық туралы заңға енгізілген өзгерістер мен жаңалықтарға, мемлекет басшысының жоғарыда айтып кеткен жемқорлыққа қарсы тұжырымдамасы мен сыбайластықтың салдары көп өңір тұрғындарына, нысаналы топтар арасында түсіндіру іс-шаралары тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Бұдан басқа, мемлекеттік органдар мен мекемелерге жемқорлық көріністері орын алмасы үшін талдау жүргізілетін болады.

Облыс аумағындағы квазимемлекеттік секторларды қалай бақылайсыздар?

 – Айта кетейін, биылдан бастап облыс аумағындағы барлық квазимемлекеттік сектордың барлық ұйымдарында комплаенс бөлімшелері құрылды. Мәселен, мекемеде құқық бұзушылықтар туындаған жағдайда алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылған, тиісті ұйымда ережелердің сақталуын талдау, тәуекелдерді анықтау, мүдделестердің жанжалын ушықтырмау, ұйым жұмысының стандарттарға сәйкестігін ішкі талдауды арнайы тағайындалған комплаенс-офицерлер жүзеге асырады. Аталған жаңашылдық жемқорлықты болдырмаудың тиімді қадамдарының бірі. Сондай-ақ, қарапайым халық пен жастар, жоғары лауазымдағылар мен мемлекеттік қызметшілер арасында да әділеттілік пен адалдық құндылықтарын насихаттайтын, жемқор болмауға шақыратын бейнероликтер әзірленді.

Қалай ойлайсыз, қоғамды жемқорлықтан азат етіп қалыптастыру мүмкін бе?

– Мүмкін емес нәрсе жоқ дейді ғой, сол айтқандай оған қоғамның әрбір мүшесі жемқорлықтың болмауына шын ниетпен атсалысса әрине нәтиже шығады. Біздің департамент бұл орайда тағы бір акция өткізді, ол «Адалдық сағаты» акциясы деп аталады. Осы акция аясында еліміздің қоғам қайраткерлерімен адал болуды дәріптейтін арнайы бейне-дәрістер түсіріп, әр тоқсан сайын Түркістан облысына қарасты барлық білім білім беру ұйымдарының оқушылары мен студенттеріне көрсету үшін таратамыз, қала берді кездесулер ұйымдастырамыз. Өйткені, болашақ осы жастардың қолында болғандықтан олардың санасына адалдықты там-тұмдап сіңіре беру басты мақсатымыз. Одан бөлек, бейнероликтер облыстық телеарналар арқылы тұрақты түрде көрсетіліп жатыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы