Қанат Ислам келесі жекпе-жегінің қашан өтетінін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Отандық боксшы Қанат Ислам алдағы жоспарларымен бөлісіп, келесі жекпе-жегінің қашан өтетінін айтты.
«Жарыстан кейін біз Қазақ Промоушн компаниясының директоры Дархан Мұқтарбек мырзамен бірге президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаның қабылдауында болдық. Бұл біз үшін үлкен абырой деп ойлаймын. Өйткені, спортта аз да болса еңбек етіп, президентіміздің қабылдауында болып, ол кісіден әрі қарай қолдау көріп, бізге бір шабыт деп ойлаймын. Қазір енді барлығын жинастырып тауға келгенімізге он күн болып жатыр. Дайындықты бастап кеттік. Келесі жекпе-жекгіміз қазан айының 26-сына жоспарланып отыр. Сол үшін жауапкершілік үлкен», - деді боксшы.
Сонымен қатар, Қанат Ислам өзінің промоутері Нельсон Лопес жөнінде сөз қозғады.
«Америкадан менің бұрынғы промоутерім Нельсон Лопес мырза келіп отыр. Бұл кісі кәсіпқой бокстағы менің көзімді ашқан кісі. Ұстаздан жолым болған адаммын деп ойлаймын өзімді. Америкаға барған кезде де Нельсон Лопеспен жолығып, үлкен белестерді бағындырдық. Алда үлкен жоспарлар бар», - деп атап өтті Қанат Ислам.
Қанат Ислам жұдырықтасулардың өз елімізде өткізілгенін қалайтынын айтты.
«Шетелде емес, Алматының, осы Орта Азияның, керек болса әлемдегі бокстың шоғырланған қаласы ретінде, өз елімізді, өзіміздің табиғатымызды, өзіміздің қаламызды көрсетіп, әлемге мақтанғымыз келеді. Өйткені, бізде осындай керемет табиғат, таулар бар, керемет қаламыз бар. Соны неге көрсетпеске?», - деді боксшы.
Сөз арасында белгілі боксшы өз отбасы туралы да айтып өтті.
«Мен бес баланың әкесімін. Сол үшін бос уақытымда көбінесе семьяммен бірге болуға тырысам. Өйткені 11 жасымнан бері интернатта өстік. Спортта жүрдік. Тек жарыс. Сбор. Армияда өскен бала секілдіміз. Жиналасың кетесің. Жаттығуға барасың. Семьям да соған үйреніп қалған», - деді Қанат Ислам.
Сондай-ақ, кәсіпқой бокста ешкімнен жеңілмеген отандастарымыз Жанқош Тұраров (24-0, 17 KO) пен Қанат Ислам (26-0, 21 KO) Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) ТОП-10 рейтингіне кірген болатын.