Қан арқылы қатерлі ісікті ерте анықтау: Қазақстанда жаңа әдіс енгізілді
ҚР ПІБ МО ауруханасында ісік мутацияларын 19 ай бұрын болжауға мүмкіндік беретін технология іске қосылды.
Қазақстанда алғаш рет ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының базасында қатерлі ісікке қатысты мутацияларды қан арқылы анықтайтын жаңа әдіс енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл технология адам қанындағы еркін айналымдағы ісік ДНҚ-сын зерттеуге негізделген. Бұған дейін мұндай тәсіл елімізде ғана емес, көршілес мемлекеттерде де қолданылмаған. Әдіс өте күрделі болғандықтан, оны жүзеге асыру үшін заманауи құрылғылар мен генетикалық талдаудың озық технологиялары пайдаланылған.
Жаңа әдіс көктамырдан алынған қан арқылы ісік жасушаларын және гендегі өзгерістерді, яғни мутацияларды анықтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында аурудың даму барысын, сондай-ақ ісіктің таралуының басталуын науқаста ешқандай белгі байқалмай тұрып, 8 айдан 19 айға дейін ерте болжауға болады.
Аурухананың дербестендірілген геномдық диагностика зертханасының басшысы Гүлшара Әбілдинованың айтуынша, бұл тәсіл онкология саласының келешегі саналады.
Біз онкологияның болашағы саналатын әдісті енгіздік. Ол қатерлі ісікті өте ерте кезеңде анықтауға, гендегі өзгерістерді нақтылауға және биопсия, яғни ісіктен кесіп алып тексеру мүмкін болмаған жағдайда диагноз қоюға көмектеседі. Осы көрсеткіштер арқылы метастаздардың басталуын 8-19 ай бұрын болжай аламыз, – деп атап өтті Гүлшара Әбілдинова.
Қазіргі таңда гендегі 52 түрлі өзгерісті анықтайтын арнайы сынамалар дайындалып, алғашқы нәтижелер алынған. Бұған дейін ісіктің мутациялық профилін анықтау мүмкін болмаған науқастардан генетикалық өзгерістер табылып, сол мәліметтерге сүйене отырып, таргеттік терапия тағайындалған.
Бұл әдіс әсіресе сүт безі қатерлі ісігі бар науқастар үшін аса маңызды. Себебі ол аурудың таралу белгілерін дер кезінде байқап, емдеу тактикасын уақытында өзгертуге мүмкіндік береді.
Жаңа тәсіл дәрігерлерге де кең мүмкіндік ашып отыр. Енді онкологтар мен химиотерапевт мамандар емді алдын ала жоспарлап, науқасқа қажетті таргеттік немесе қосымша терапияны кешіктірмей бастай алады.