Қамқоршылық органдары 6,5 млн-нан астам баланың құқықтарын қорғайды
Қорғаншылық және қамқоршылық органдары 6,5 миллионнан астам баланың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Жанар Ислямова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметі ерекше рөл атқарады. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары балалардың құқықтарын мемлекеттік қорғаушылар ретінде халықтың үштен бірінің, яғни 6,5 миллионнан астам баланың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодекстің нормаларына сәйкес жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру жөніндегі функцияларды, тек қана қорғаншылық және қамқоршылық органдары жүзеге асырады, - деді ол.
Сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық органдары балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын мемлекеттік органдардың, қызметтердің, ұйымдардың қызметін үйлестіре отырып олардың азаматтық секторымен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.
Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының негізгі қызметі - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау, оларды отбасына орналастыру, балалардың құқықтарын қорғау бойынша сот істеріне қатысу, тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу, балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу, әлеуметтік осал топтағы көмек көрсету және т.б. мәселелер бойынша балалардың құқықтарын қорғау, - деп айтты сарапшы.
Жанар Ислямова бұл шаралар балалардың дамуына қолайлы жағдай жасауға және олардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
Эльнура Бисенғали