Қалтырау, қызу көтерілу, бөртпе: Чикунгуньяның Қазақстанға таралу қаупі бар ма?

ДДСҰ чикунгунья қызбасын жұқтырудың жаһандық қаупі туралы ескерту жасады. Бұл ауру әлемнің 119 елінде 5,6 млрд адамды қамтуы мүмкін. Қазақстан да бұл қауіптен тыс емес. BAQ.KZ тілшісі қауіп деңгейін бақылап, оның алдын алу шараларын сұрастырып білді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері әлемде чикунгунья қызбасын жұқтырудың шамамен 240 мың жағдайы тіркелген, соның ішінде 90 адам қайтыс болған. Ауру өршіп отырған елдер – Америка, Африка, Азия және Еуропа мемлекеттері.

Вирус әсіресе Францияның теңіз асып жатқан аумақтарында және Францияның өзінде кеңінен таралуда. Мұнда көптеген сырттан әкелінген және жергілікті жағдайлар анықталған.

Инфекцияның географиялық таралуын, Азия елдерінде жағдайлардың тіркелуін, сондай-ақ халықаралық тасымалдардың белсенділігін ескере отырып, чикунгунья қызбасын елге әкелу қаупі “орташа” деп бағаланады (әсіресе жаз-күз айларында және Франция, Қытай, Үндістан, Үнді мұхиты аралдарынан оралғандар арасында), – деп мәлімдеді ведомство.

Қауіпті инфекцияның елге әкелінуін болдырмау үшін мемлекет шекарасындағы өткізу пункттерінде, соның ішінде әуежайларда, теміржол бекеттерінде, теңіз порттарында және автокөлік өткелдерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіледі. 

Әуежай, теміржол, порт және автокөлік бекеттерінде шетелден келген жолаушылардың дене қызуы тексеріледі. Санитариялық-карантиндік пункт мамандары шетелден келген жолаушыларға термометрия жүргізу арқылы санитариялық-карантиндік бақылау жасайды. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында, – деп атап өтті комитет.

Вирусты тасымалдаушылар – Aedes aegypti және Aedes albopictus (жолақ жолбарыс масасы) түрлеріндегі масалар. Бұл масалар сондай-ақ Зика және Денге вирустарын да таратады. Дегенмен, Қазақстан аумағында бұл ауру түрлері әзірге анықталмаған.

Айта кету керек, чикунгунья қызбасының алғашқы белгілері маса шаққаннан кейін 3–7 күн өткен соң байқалады. Олар:

  • Дене қызуының 39 °C және одан жоғары күрт көтерілуі;
  • Буындардың қатты ауруы, кейде жүру мүмкіндігінен айыруы;
  • Бұлшықет пен бас ауруы;
  • Қалтырау;
  • Терідегі бөртпе.

Әдетте белгілер бірнеше күн сақталады, бірақ буын ауруы апталарға, тіпті айларға созылуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін маса арқылы жұғатын вирус өршіп жатқанын, 5,6 миллиард адам қауіп аймағында екені айтылған. 

Сондай-ақ, Бангладеште денге безгегінен 101 адам көз жұмды

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы