Қалпына келтіру медицинасы: Заманауи реабилитация қалай жүргізіледі?

Инсульт, жарақат немесе күрделі операция адам өмірін санаулы минутта түбегейлі өзгертуі мүмкін. Мұндай жағдайда бұрынғы қалыпты өмір ырғағына кәсіби көмексіз оралу көпшілік үшін оңайға соқпайды. Бүгінде реабилитация емдеудің ажырамас бөлігіне айналған және кешенді тәсілді талап етеді. Қалпына келтіру үдерісі қалай ұйымдастырылады, қандай технологиялар қолданылады және неге мамандар тобының жұмысы маңызды? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Қалпына келтіру емі және оңалту орталығының басшысы Жүнісова Мадинат Амантайқызы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

- Мадинат Амантайқызы, заманауи реабилитация дегеніміз не және неге онсыз емді аяқталды деп санауға болмайды?

- Заманауи реабилитация – бұл аурудан, жарақаттан немесе операциядан кейін адамды қалпына келтіруге бағытталған кешенді жұмыс. Ол медициналық, физикалық және психологиялық көмекті қамтып, жоғалған дағдыларды қайта қалпына келтіруге және адамның өз бетінше өмір сүру қабілетін арттыруға бағытталады. Бұл кезеңсіз емдеу толық аяқталды деуге келмейді. Науқастың жағдайы тұрақталғанымен, ол әлі күнделікті өмірге және жүктемелерге дайын болмауы мүмкін.

- Реабилитация асқыну қаупін азайта ма?

- Иә, жүйелі тәсіл асқынулар мен қайта ауруханаға түсу қаупін айтарлықтай төмендетеді. Тұрақты жаттығулар мен жүктемені бақылау қосымша қиындықтардың алдын алуға және пациенттің күнделікті өмірге бейімделуіне көмектеседі.

- Соңғы жылдары пациенттерді қалпына келтіру тәсілі қалай өзгерді?

- Соңғы жылдары реабилитация әлдеқайда ерте басталатын әрі белсенді үдеріске айналды. Қазір ол науқастың жағдайы тұрақталған сәттен бастап қолға алынады және адамның өмір салты, жасы мен мақсаттары ескеріледі. Сондай-ақ командалық жұмыс пен заманауи технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Негізгі басымдық емдеуден гөрі пациентті күнделікті және әлеуметтік белсенді өмірге қайтаруға ауысты.

- Бүгінде оңалту қызметіне сұраныс ең жоғары қай бағытта байқалады және қолданылатын тәсілдер арасында айырмашылық бар ма?

- Қазір ең жоғары сұраныс неврология саласында байқалады. Бұл инсульт алған, бас-ми жарақаттары мен нейрохирургиялық операциялардан өткен пациенттер санының артуымен байланысты. Одан кейін травматология саласы тұр: мұнда сынықтардан, эндопротездеуден және жол-көлік апаты салдарынан кейінгі қалпына келтіру сұранысқа ие. Үшінші орында – кардиология. Бұл бағытта науқастардың жағдайын бақылау мен асқынулардың алдын алу маңызды.

Әр бағыттағы тәсілдер де әртүрлі. Неврологияда жоғалған функциялар мен когнитивтік дағдыларды қалпына келтіру басты назарда болса, травматологияда қозғалыс пен қимыл еркіндігін қайта қалпына келтіру алдыңғы орынға шығады. Ал кардиологияда қауіпсіз физикалық жүктеме мен жүрек-қантамыр жүйесін тұрақты бақылау маңызды.

- Сұраныс артқан кезде қандай қиындықтар туындайды?

- Пациенттер санының артуы мамандарға түсетін жүктемені көбейтеді және бөлім жұмысының нақты жоспарлануын талап етеді. Соған қарамастан әрбір пациентке жеке көңіл бөлу – басты міндеттердің бірі болып қалады.

Қосымша қиындықтардың бірі – кейбір науқастардың әртүрлі жағдайларға байланысты реабилитацияға кеш жүгінуі. Осының салдарынан оңалтуға арналған ең қолайлы кезеңді жіберіп аламыз. Нәтижесінде үдеріс ұзарады, жоспарланған нәтижеге жету барысында көп күш пен қарқынды жұмысты талап етеді.

- Әр науқасқа жеке көңіл бөлу тәсілін қалай жүзеге асырасыздар?

- Пациентке жеке назар аудару – реабилитацияның негізі. Біз ең алдымен емделушінің жағдайын, мүмкіндіктерін және мақсаттарын жан-жақты бағалаймыз. Соның негізінде жеке қалпына келтіру бағдарламасы жасалып, прогрес байқалған жағдайда жоспар жаңарып отырады. Бұл жүктемені икемді түрде өзгертуге және әр кезеңде тиімді әрі қауіпсіз нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

- Реабилитация кезеңінде пациенттер қандай өзгерістерді жиі байқайды?

- Қозғалыс жақсарып, ауырсыну азаяды, өзіне деген сенім артады. Көпшілігі күнделікті тұрмысқа қайта оралып, өз бетінше әрекет ете бастайды. Эмоциялық жағдайы да тұрақталып, алаңдаушылық, стресс деңгейі төмендейді және өмір сүруге деген күш-жігер пайда болады.

- Қандай науқастарға ең ұзақ реабилитация қажет?

- Ең ұзақ оңалту үдерісі инсульттен кейін, ми мен жұлын жарақаттарынан соң жүйке жүйесі зақымданған науқастарға қажет. Сонымен қатар операциядан кейін асқынулар байқалған және ұзақ уақыт қозғалысы шектелген пациенттер де осы топқа жатады. Мұндай жағдайда реабилитация бірнеше айға созылып, мамандар тобыныңның үйлесімді жұмысы мен пациенттің белсенді қатысуын талап етеді.

- Реабилитацияда неліктен команда жұмысы маңызды?

- Реабилитация қозғалыс, сөйлеу, психологиялық жағдай және тұрмыстық дағдылар сынды әртүрлі салаларды қамтиды. Сондықтан бір ғана маман жеткіліксіз. Тұрақты нәтижеге тек мультидисциплинарлық команданың үйлесімді жұмысы арқылы қол жеткізе аламыз.

- Мамандарды үнемі оқытып, біліктілігін арттыру қаншалықты маңызды?

- Реабилитация – медицинадағы ең қарқынды дамып жатқан салалардың бірі. Жаңа технологиялар мен әдістер үнемі пайда болып отырады. Сондықтан біздің мамандар шетелдік тәжірибеден өтіп, біліктілігін үнемі арттырады. Бұл тікелей көрсетілетін көмектің сапасына әсер етеді.

- Бұл салада роботтандырылған технологиялардың рөлі қандай?

- Біздің ауруханада заманауи роботтандырылған технологиялар кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, жүру дағдыларын қалпына келтіруге арналған Lokomat аппараты, қол мен саусақ қозғалысын дамытуға арналған Amadeo эрготерапиялық тренажёры бар. Сондай-ақ жуырда жоғарғы аяқ-қол функциясын қалпына келтіруге арналған Gloreha тренажёры сынақтан өткізілді.

Бұл ауыр неврологиялық жағдайларда, жүріс-тұрыс, қозғалысты бақылау бұзылған кезде, спастика, әлсіздік немесе қозғалыс шектеулері болғанда таптырмас құрал. Олар қозғалыстарды қауіпсіз әрі дәл орындауға, қозғалыс дағдыларын дұрыс қалыптастыруға және қалпына келу динамикасын объективті бақылауға мүмкіндік береді. Бұндай технологиялар мамандардың жұмысын алмастырмай, керісінше оны толықтырады.

- Жабдықтардың тиімділігі қалай бағаланады?

- Біз бағалауды объективті клиникалық деректер арқылы жүзеге асырамыз. Олар: науқастың күш деңгейі, қозғалыс қабілеті және өз бетінше өмір сүру мүмкіндігі. Реабилитолог дәрігерлер науқастың жағдайын емханаға қабылданғанға дейін және қалпына келтіру курсы басталғаннан кейін де бағалайды, бұл жағдайды нақты бақылауға мүмкіндік береді.

- 2026 жылдан кейін реабилитация қалай дамиды деп ойлайсыз?

- Алдағы уақытта роботтандырылған бағыттарды кеңейтіп, Mulligan және PNF әдістерін дамыту жоспарымызда бар. Жалпы, Қазақстандағы реабилитация ерте бастауға, жеке бағдарламаларға және технология мен клиникалық тәжірибені үйлестіруге бағытталады. Негізгі мақсат – адамның өмір сапасын арттырып, оны белсенді әлеуметтік және кәсіби өмірге қайтару.

- Әңгімеңізге рахмет!

Жанерке ЖӘКЕН

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы
Өзгелердің жаңалығы