6 Тамыз 2026, 11:53 Фото: ©️BAQ.KZ/жасанды интеллект

«Қалдықтарды сұрыптау маңызды, бірақ одан да маңыздысы – қоқыс шығармау»: Экобелсенді бірнеше кеңес берді

Сарапшының сөзінше, барлық тұрмыстық қалдық қайта өңделетін және қайта өңделмейтін болып бөлінеді.

Қазақстанда қалдықтарды бөлек жинау мәдениеті біртіндеп дамып келеді. Экобелсенді, Recycler қозғалысының өкілі Камила Акимбекова сұрыптаудың не үшін қажет екенін, неден бастау керектігін және экологиялық өмір салтын ұстанудың ең тиімді жолдарын айтып берді.

«Қалдықтарды бөлек жинау – алғашқы қадам ғана»

Камила Акимбекованың айтуынша, Қазақстан жағдайында «қоқысты сұрыптау» емес, «қалдықтарды бөлек жинау» деген ұғымды қолданған дұрыс. Себебі барлық тұрмыстық қалдық қайта өңделетін және қайта өңделмейтін болып бөлінеді.

Оның сөзінше, бір мемлекетте қоқыс саналатын зат басқа елде қайта өңделетін бағалы шикізат болуы мүмкін. Қазақстанда әзірге қалдықтың барлық түрі қайта өңделмейді. Соған қарамастан, ірі қалалардың барлығында дерлік екінші шикізатты қабылдайтын орындар бар. Тіпті шағын ауылдарда да металл қабылдау пункттері кездеседі.

Экобелсенді экология тұрғысынан ең маңызды мәселе қалдықты қайта өңдеу емес, ең алдымен оны мүлде шығармауға тырысу екенін айтады.

Мысалы, дүкенге өз шопперіңізбен барып, пакет алмау әлдеқайда тиімді. Пакетті қайта өңдеуге тапсырғаннан гөрі, оны мүлде пайдаланбаған дұрыс. Сол сияқты кофені өз стақаныңызға құйдыру, бөтелкедегі суды сатып алмай, үйден сүзілген суды алып шығу – мұның бәрі қалдық көлемін азайтудың тиімді жолдары, – дейді ол.

Дегенмен адамдар экологиялық өмір салтына қадам басқанда ең алдымен қалдықтарды сұрыптаудан бастайтынын айтты.

Мен де кезінде осыдан бастадым. Бірақ бұл тақырыпты тереңірек зерттеген сайын қайта өңдеу кейінгі кезеңдердің бірі ғана екенін түсінесің. Егер қоқысты мүлде шығармауға мүмкіндік болса, ең дұрыс шешім – сол. Сондықтан адамдарға мұның қиын емес екенін өз үлгіммен көрсетуге тырысамын. Блогымда да, түрлі іс-шараларда да тұрғындарға осыны түсіндіремін, – деді Камила Акимбекова.

Қалдықтарды сұрыптауды қалай бастаған дұрыс?

Камила Акимбекованың айтуынша, ең алдымен өзіңіз тұратын жерде қандай қабылдау пункттері бар екенін анықтап алу қажет.

Қай қалада немесе қай елде тұрғаныңыз маңызды емес. Ең бастысы – қандай қалдықтарды қайта өңдеуге тапсыруға болатынын білу. Қабылдау пункттерін зерттеңіз. Кейбір дүкендерде арнайы бокстар болады, көшеде шыныға арналған контейнерлер, фандоматтар немесе басқа да қабылдау орындары кездеседі, – дейді ол.

Экобелсенді көптеген адамның жіберетін басты қатесі – барлық қалдықты бірден сұрыптай бастайтынын айтады.

Кейін қабылдау орнына апарғанда кейбір пластик түрлері қабылданбайтынын көреді. Содан кейін адамдардың көңілі қалып, жасаған еңбегі бекер болды деп ойлайды. Сондықтан ең алдымен жақын маңдағы қабылдау орны қандай қалдықтарды қабылдайтынын анықтап алған дұрыс, – дейді ол.

Оның айтуынша, сұрыптауды ең қарапайым қалдық түрлерінен бастаған жөн. Алдымен батарейкалар, шамдар, электрондық қалдықтар, мерзімі өткен дәрілер, металл мен шыныны бөліп жинауға болады. Кейін қағаз бен картонды сұрыптауға көшкен дұрыс. Ал пластик – ең күрделі санаттардың бірі, өйткені оның бірнеше түрі бар және олардың бәрі бірдей қайта өңделмейді.

Барлығын бір күнде енгізудің қажеті жоқ. Әдеттерді біртіндеп қалыптастырған дұрыс, – дейді экобелсенді.

«Инфрақұрылым мен қаржыландыру жетіспейді»

Камила Акимбекованың айтуынша, қалдықтарды сұрыптаудың кең таралмауына бірнеше негізгі себеп бар. Бірінші кезекте – қажетті инфрақұрылымның жоқтығы. Оның пікірінше, мұндай жүйені дамыту үшін тұрақты қаржыландыру қажет.

Қазіргі таңда жеке компаниялар мұндай бастамаларға толық дайын емес. Мемлекет тарапынан да бұл бағытқа жеткілікті деңгейде ынталандыру мен қаржыландыру жоқ. Қажетті қаражат бөлініп, қабылдау инфрақұрылымы кеңейсе, қалдықтарды сұрыптайтын адамдардың саны да айтарлықтай артады, – дейді экобелсенді.

«Экологиялық білім әлі де жеткіліксіз»

Камила Акимбекова тағы бір маңызды мәселе – экологиялық ағартудың әлсіздігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, кезінде қаладағы көптеген қоқыс алаңдарында пластик, қағаз, алюминий мен шыныға арналған арнайы тор контейнерлер орнатылған. Алайда олардың ішіне қайта өңделмейтін қалдықтар мен аралас қоқыс жиі тасталатын.

Бұл контейнерлер мөлдір болғандықтан, ішіндегі заттардың бәрі көрініп тұратын. Мен олардың ішінде қайта өңдеуге жарамайтын қалдықтарды, тетрапактарды, аралас қоқысты жиі көретінмін. Кейбір адамдар еш ойланбастан тұрмыстық қоқыстың бәрін сол жерге тастай салатын, – дейді ол.

Экобелсендінің пікірінше, бұл қоғамда қалдықтарды бөлек жинау мәдениеті мен экологиялық сауаттылықтың әлі де жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Мұндай мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Оған уақыт пен жүйелі жұмыс қажет. Ең бастысы – бүгіннен бастап балабақша мен бастауыш сыныптардан экологиялық білім беруді күшейту керек. Сонда табиғатты қорғаудың маңызын түсінетін жаңа ұрпақ өсіп шығады, – деді ол.

Сонымен бірге ол мемлекетпен қатар жеке компаниялар мен ірі корпорациялардың да қолдауы маңызды екенін атап өтті.

ПИК үшін де тиімді

Камила Акимбекованың айтуынша, тұрғын үй кешендерінде қалдықтарды бөлек жинау дұрыс ұйымдастырылса, оның пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) үшін де нақты пайдасы бар. Біріншіден, полигонға шығарылатын аралас қоқыс көлемі азаяды. Бұл тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару шығындарын қысқартады.

Екіншіден, жеткілікті көлемде жиналған екінші шикізатты қайта өңдеу кәсіпорындарына сатып, қосымша табыс табуға болады.

Өкінішке қарай, Алматыда ПИК деңгейінде толыққанды әрі тиімді жұмыс істейтін қалдықтарды сұрыптау жүйесінің сәтті мысалын әлі көрген жоқпын. Қазір шағын бастамалар ғана бар. Көп жағдайда тұрғындардың өздері қалдықтарды жинап, қабылдау пункттеріне апарады немесе қайта өңдеу компанияларын шақырады, – дейді ол.

Соған қарамастан экобелсенді бұл мәселе уақыт өте келе шешілетініне сенімді.

Экологиялық мәселе күрделене түскен сайын жаңа шешімдер де пайда болады. Болашақта ПИК деңгейінде де, құрылыс компаниялары мен жергілікті атқарушы органдар деңгейінде де осындай бастамалар көбейеді деп ойлаймын, – деді Камила Акимбекова.

«Біздің басты міндетіміз – адамдарды оқыту»

Экобелсенді үшін ең маңызды бағыт – экологиялық ағарту. Оның айтуынша, өздері жұмыс істейтін қор түрлі қайырымдылық және ағартушылық жобалар арқылы тұрғындарға қалдықтарды сұрыптауды үйретеді.

Біз өткізетін әрбір іс-шараны білім беру алаңына айналдыруға тырысамыз. Балаларға да, ересектерге де қандай қалдықты қайда тапсыру керектігін түсіндіреміз, кеңес береміз, – дейді ол.

Камила Акимбекованың айтуынша, адамдардан күн сайын «Мынаны қайда өткіземіз?», «Қазақстанда мұны қайта өңдей ме?», «Осындай зауыт бар ма?» деген сұрақтар түседі.

Бұл әлі де ақпаратқа мұқтаж адамдардың көп екенін көрсетеді. Бірақ сонымен бірге қызығушылықтың артып келе жатқанын да байқатады, – дейді ол.

Экобелсенділер ай сайын қала тұрғындарына арналған экологиялық акция ұйымдастырады. Онда тұрғындар пластик, қағаз, алюминий ғана емес, консерві банкаларын, мерзімі өткен дәрілерді, шамдарды, батарейкаларды, пенопластты, пластиктің түрлі түрлерін, синтепонды, ескі маталарды және тағы басқа 20-дан астам қалдық түрін қайта өңдеуге өткізе алады. Сондай-ақ органикалық қалдықтардың бір бөлігін фермерлерге компост жасау үшін беруге мүмкіндік бар.

Біз ай сайын осындай акциялар өткіземіз және әр жолы қатысушылар саны көбейіп келеді. Бұл – адамдардың қалдықтарды сұрыптауға қызығушылығы артып, экологиялық мәдениеттің біртіндеп қалыптасып келе жатқанының белгісі. Демек, атқарып жатқан жұмысымыз нәтижесіз емес, – деп түйіндеді Камила Акимбекова.