Қалдықтарды басқару жүйесіне өзгеріс енгізу ұсынылды

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин қалдықтарды басқару саласын жетілдіруге бағытталған заң жобасы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жаңа түзетулер уәкілетті органға пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын жинау, тасымалдау және қайта өңдеу жүйесін ұйымдастыру бойынша қосымша құзыреттер береді.

Мәселен, уәкілетті органға пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен ауылшаруашылығы техникасын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуге дайындауды және кәдеге жаратуды ұйымдастыру бойынша, сонымен қатар, қаптамаға, электрондық және электрлік құрылғыларға қатысты кәдеге жарату алымы мөлшерлемесін және "EcoQolday" мобильді қосымшасы арқылы төленетін төлемді қайта қарау үшін өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі (ӨКЖ) операторының маркетингтік және консалтингтік жұмыстарды қаржыландыруы және өнім өндіру кезінде қайта өңделген қалдықтардың кемінде 30%-ын пайдаланған жағдайда өндірушілерді төлемнен босату бойынша қажетті құзыреттер беру арқылы "Жасыл даму" АҚ қызметін реттеу ұсынылады, - деп түсіндірді Сатыбалдин.

Заң жобасы тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару кәсіпорындарының тиімділігін арттыруға да бағытталған. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) механизмі жетілдіріліп, халық үшін тарифтерді көтермей, саладағы қызмет сапасын жақсарту көзделген.

Сондай-ақ, Қалдықтардың мемлекеттік кадастрына операторлардың есеп беру жиілігін арттыру жоспарланып отыр. Бұл қалдықтардың қозғалысын нақты қадағалап, тиісті басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, иесіз қалған қауіпті қалдықтарды жою мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстар кәдеге жарату алымы қаражаты есебінен қаржыландырылмақ. Депутаттың айтуынша, бұл республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтады.

Қазіргі уақытта заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы