"Қалбатау – Майқапшағай" автожолы ашылды
Республикалық маңызы бар "Қалбатау – Майқапшағай" (906-1321 шақырым) автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұзындығы 415 шақырымды құрайтын учаскеде көлік қозғалысы толық ашылды.
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, қайта жаңарту аясында 37 көпір, 2 жол өткелі, 2 көлік айрығы, 349 су өткізу құбыры, 5 демалыс алаңы және 2 санитарлық-гигиеналық торап салынды.
"Қалбатау – Майқапшағай" тасжолы еліміздің көлік саласының маңызды бөлігі. Бұл жол Қазақстанның орталық және шығыс өңірлерін Қытай Халық Республикасының шекарасымен байланыстырады. Жобаның жүзеге асырылуы транзиттік әлеуетті арттыруға, өңіраралық және халықаралық байланысты нығайтуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің экономикалық тұрақты дамуына бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғыртудың кең ауқымды жұмысының нәтижесі, – деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев.