Қаланың құқық қорғау органдарын одан әрі жетілдіріп, тұрғындардың сенімін еселей түсеміз – Досаев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев полиция қызметкерлерімен кездесу барысында айтты.

Қала әкімі кездесу барысында қаланы қорғау жолында қаза тапқан полицейлердің жақындары мен туған туысқандарына көңіл айтты.

Өз атымнан қаңтар трагедиясы кезінде кәсіби  міндетті атқарғаныңыз үшін алғыс айтам. Өліммен бетпе-бет келген сәтте ешқандай қауіп-қатерге қарамастан батырлық танытып,   қылмыскерлерге қарсы ерлікпен күресе білдіңіздер. Осындай сын сағаттарда қала тұрғындарының қауіпсіздігіне кепіл бола алатын ол – дәл осы полиция қызметі екені белгілі. Сіздер қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етуші қорғаушы саналасыздар. Ал, біз өз тарапымыздан қаланың құқық қорғау органын одан әрі жетілдіре түсуге күш жұмсап, полиция қызметін мұқият саралай отырып, тұрғындардың сенімін еселей түсеміз, – деді әкім.

Сондай-ақ ол мұндай қайғылы жағдайды келесіде болдырмас үшін полиция қызметін жандандырып, заманауи техникамен жабдықтау керек екенін атап өтті.

Қаза тапқан полицейлердің отбасына көмек көрсетілді, қазір бүлінген ғимараттар жөнделіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Біз бәріміз қаланың тыныштығы үшін тік тұрып, аянбай еңбек ете алатынымызға сенім білдіргім келеді. Біз сіздерге қаланың ең басты байлығы – Алматы тұрғындарының амандығы мен денсаулығын сеніп тапсырамыз, – деді ол.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы