«Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарын игеру бойынша мұнай-газ жобасы іске асырыла бастайды

«Қаламқас-теңіз-Хазар» жобасының қатысушылары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (50%) және «ЛУКОЙЛ» ААҚ (50%) болып табылады. Жоба бойынша келісімдерге қол қойылды, және оны іске асыру мақсатында бірлескен кәсіпорын – жобаның операторы «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ағымдағы жоспарларға сәйкес теңіз платформаларын салу жұмыстары 2026 жылы қазақстандық верфтерде басталады, бұл «Қаламқас-теңіз» кен орнында өндіруді мүмкіндігінше тезірек бастауға мүмкіндік береді.

Жобаға 6 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарту жоспарлануда. Құрылыс кезеңінде 2000 жаңа жұмыс орны, ал пайдалану кезеңінде – 300 жұмыс орны құрылады. Құрылыс «Қаламқас-теңіз» кен орнында болат конструкциялардан теңіз платформаларын орнатудан басталады.

Бұл ауқымды жоба еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоба әлемдік стандарттарға сәйкес келетін мамандарды даярлауға жол ашатынын, жаңа жұмыс орындарын құратынын және әлеуметтік-экономикалық дамуға қолайлы мультипликативтік әсерін тигізетінін атап өткен жөн, - деп жазылған министрліктің хабарламасында.

«Қаламқас-теңіз» кен орны Каспий теңізінің солтүстік-шығыс секторының орталық бөлігінде, жағадан 64 км қашықтықта орналасқан. Теңіздің тереңдігі мұнда 6-7 метрді құрайды. Кен орны ұзындығы шамамен 50 км және ені 6 км дейінгі ұзын және тар құрылым болып табылады. «Хазар» кен орны «Қаламқас-теңізден» оңтүстік-батысқа қарай 30 км және Бозашы түбегінен солтүстік-батысқа қарай 65 км қашықтықта орналасқан.

Кен орындары барлау жұмыстарынан өткен және Қазақстан Республикасының теңгеріміне қойылған расталған қорларға ие.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы