Қаламгерлер Конституциялық реформаны талқылады

Қазір қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі - жаңа Конституциялық реформа. Мемлекеттің негізгі құжатына енгізілетін өзгерістер әр сала өкілдерінің қызу пікірталасына ұласып, түрлі ұсыныстар айтылуда. Осы орайда еліміздің жазушылары мен қаламгерлері де шет қалмай, Конституцияның жаңа жобасын талқылауға арналған арнайы жиын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Конституция - елдің құқықтық негізі ғана емес, қоғамның рухани, мәдени дамуына да тікелей әсер ететін құжат.

Бүгінгі талқылау - қаламгерлердің азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды алаң. Жазушылар әрқашан қоғамның тамырын дөп басып, елдің болашағына қатысты ой айтуы тиіс. Конституцияға енгізілетін өзгерістер де осы жауапкершіліктен тыс қалмауы керек, - деді ол.

Отырыста сөз алған белгілі жазушы, драматург Роза Мұқанова жаңа Конституциялық жобаның қоғамдағы белсенді талқыланып жатқанына ерекше мән берді.

Қазір жаңа жобаны талқылаудағы белсенділік өте жоғары. Бұл ұлттың оянғаны, үлкен жауапкершілікті сезіне бастағанының белгісі. Ал Конституцияның жаңа жобасында маған ерекше әсер еткені шығармашылық еркіндік пен зияткерлік меншік ұғымының нақты көрініс табуы, - деді ол.

Жазушының айтуынша, бүгінгі цифрлық технология дамыған заманда қаламгерлердің еңбегін қорғау мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті.

Зияткерлік меншік ұғымының Конституция деңгейінде бекітілуі - ақын-жазушылардың авторлық дүниелерін қорғауға жол ашады. Бұл көптен бері шығармашылық иелерінің алдында тұрған күрделі мәселе болатын, - деп атап өтті Роза Мұқанова.

Дөңгелек үстел барысында журналист, қоғам қайраткері Сауытбек Әбідрахманов та пікір білдіріп, Конституциялық реформаның ашық талқылануы азаматтық қоғамның дамуына серпін беретінін айтты. Оның сөзінше, қоғам өзгергенде заңның да өзгеруі заңды құбылыс.

Конституцияның жаңа жобасында «егемендік», «тәуелсіздік» ұғымының алдына шығарылып отыр. Егемен шешім қабылдай алып, егемен әрекеттерге баруы кез-келген мемлекеттің басты құндылығы. Кейінгі кезде тілге байланысты көптеген пікірлер айтылып жатыр. Қазақ халқының үлесі - 40 % болған уақытта жойылмаған тіліміз, үлесі - 70% болған тұста жойылады деу – ақылға қонымсыз дүние, - деді ол.

Оның сөзінше, қазақ тілі мемлекетпен бірге көркейеді, дамиды. Оған мемлекет барлық жағдайды жасап отыр.

Жиын барысында дөңгелек үстел қатысушылары Конституцияның жаңа жобасына қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы