Қалаларда неге 1-2 бөлмелі пәтерлер көп салынады? Депутат өзекті мәселе көтерді
Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Айдос Сарым еліміздегі тұрғын үй құрылысы нарығының әлеуметтік және демографиялық жағдайға әсері жөнінде мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кеңестік кезеңмен салыстырғанда елімізде құрылыс көлемі едәуір артты, тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіштері де жақсарды. Жалпы, басқа да деректер жаман емес, – деді депутат.
Алайда Сарым құрылыс нарығындағы бір маңызды үрдіске назар аударды. Оның айтуынша, соңғы 15-20 жылда баспана салуда басымдық 2-3 бөлмелі немесе одан үлкен пәтерлерге берілсе, бүгінде қалаларда салынатын пәтерлердің жартысынан астамы – бір немесе екі бөлмелі болып отыр.
Соңғы 10-15 жылда бір бөлмелі пәтерлердің үлесі екі есеге өсті деуге болады. Бұл белгілі бір әлеуметтік, демографиялық үрдістердің көрінісі. Құрылыс нарығы, бір жағынан, қазіргі сұранысты қамтамасыз етсе, екінші жағынан, қалталы азаматтардың қаржысын сақтайтын құралға айналып отыр, – деді депутат.
Осы ретте ол құрылыс саясатының демографиялық жағдаймен қаншалықты сәйкестендіріліп отырғаны туралы сұрақ қойды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұл бағытта демографиялық болжамдарды әзірлеу үшін арнайы орталық құрылатынын айтты.
Демографиялық болжау орталығы Ұлттық статистика бюросының базасында құрылады. Қазіргі таңда демографиялық болжамдарға қатысты статистикалық мәліметтер ашық қолжетімді. Біз бұл ақпаратты кез келген уақытта құрылыс саласына жауапты уәкілетті органға ұсынуға дайынбыз, – деді министрлік өкілі.