Қалаға қайтқан Алматыдағы автотұрақтардың бағасы тиімді ме?

Алматы қаласының ақылы автотұрақтары штаттық режимде жұмыс істейді. Автотұрақтар қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылып, «Алматы автотұрағы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі болды. Осы орайда, көлік жүргізушілері мен экономистердің пікірін тыңдадық, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Автотұрақтар бұрындары «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС мен Alan Parking компанияларына тиесілі болатын. Кейінен, бұрынғы басшылық қомақты қаржыны жымқырды деп айыпталған еді. 

Автұрақтардың ақысын онлайн банктер арқылы төлейтініміз жақсы болды. Ақшасы жағынан қалтаға тиімді, 1 сағатқа 100 тг. Дегенмен «Барахолка» базарында сәл қымбаттау. Ақылы автотұрақтардың қалаға қайтарылғаны дұрыс болды. Тұрақтар 15 минутқа тегін болып қала берсе, тіпті жақсы болар еді. Көлікпен жүру, шығынға батумен бірдей болды. Ай сайынғы еңбекақымыз көлік жөндеуге кетіп жатыр. Осы ретте қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін әр аймаққа метро жолағы тартылса, – дейді көлік жүргізушісі Бауыржан Тұрғынбаев. 

Бұл өзгеріске экономистер де өз пікірлерін білдірген еді. Сөздерінше, ақылы тұрақтардан түскен қаражат, көп қабатты тұрақтардың салынуына мүмкіндік береді. 

Қаламызға «Aparking» жүйесінің қайтарылуы - жақсы жаңалық. Қала экономикасына әсер береді деп айту өте қиын. Себебі біздің экономикамыз өте үлкен. Бірақ соның өзінде де тұрақтарды дамытып, жаңа жүйеге өтуіне мүмкіндік туындайды. Паркингтердің ақылы болуы, қаладағы тұрақ мәселесін бір жүйемен жүргізіп, өркениетке әкеледі. Менің білуімше, біздің қалада паркингтердің өзіндік стратегиясы бар. Қажетті жерлерде қаланың әр аймағында көпқабатты, үлкен тұрақтарды салу жоспарда бар. Егер тұрақтардан түскен қаржысы осы бағытқа бағытталса, қалада көпқабатты тұрақтардың саны көбеймек. Қаланың ортасында көліктерді қою мәселесі шешілер еді, – дейді қаржы сарапшысы Айбар Олжаев. 

Қала тұрғындары өздері тұратын көпқабатты тұрғын үйлерде «Aparking» жүйесі қойылса, қалтаға ауырлық тудыратынын атап өтті. Ал зәулім үйлерде бұл жүйе өте тиімді. Тіпті, ай сайынғы төлемнен де арзан шығады. 

Көлігің болса, онымен жүру де, тұраққа қою да ақша болып кетті. Мен қызымды күнделікті үйірмеге апарып тастағанда 10 минут кідіріп, шығып кетемін. Егер сауда жасасам, сағаттап ақшамыз кетіп қалады. Дегенмен тұрақтардың онлайн болғаны, уақытымызды үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы ретте Aparking жүйесінің көпқабатты үйлерде болуы тиімсіз. Біз тұратын тұрғын үйлерде, жылына 50 мың тг төлейміз. Себебі бізде шығын көп. Оның үстіне көлігіміздің жанармайы, бұзылғанда жөндеуі бар. Ал қымбат тұрғын үйлерде бұл жүйе тиімді. Менің таныстарым ай сайын 100 мыңнан астам қаражатын тұраққа жұмсайды. Мәселен, 6 айға 2 машинаға 45 мың теңге кетуі көңілге қонымды баға. Ал қарапайым адамдарға бұл баға тым қымбат, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Саяра Кукузова. 

Бұған дейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездесу барысында автотұрақ мәселесі туралы айтып өткен болатын.

Енді мен сізге не істейтінімізді айтайын. Біріншіден, өткен жылы біз «Алматы паркингті» қайтардық. Бұрын жеке компанияларға жалға берілген автотұрақтар қазір қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды. Екіншіден, біз аулаішілік мобильді паркингтер деп аталатын жобаларды әзірледік, яғни көпқабатты паркингтер. Мүмкіндік болатын жерде біз осындай автотұрақтарды саламыз, – деді Досаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы