"Қалада сасық иіс": алматылықтар ауаның өткір иісіне шағымданды
30 қазан таңында Алматы тұрғындары қала бойынша тараған ерекше және күйдіргіш иіске шағымданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желілерде әртүрлі аудандардың тұрғындары таңертең жағымсыз иістен оянып кеткендерін жазған. Олардың айтуынша, ауа ауыр болып, көз ашытқан, тыныс алу қиынға соққан. Кейбірі иістің жанып жатқан пластикті еске салғанын атап өтті.
Весновка – Қарасай батыр көшелері маңында сұмдық иіс бар. Сол иістен оянып кеттім, мұрын ашып, күйдіріп тұр, – деп жазды қала тұрғындарының бірі.
Тағы да бір Алматы тұрғыны түтін иісінен оянып кеткенін жазды.
Қазір түтін иісін сезіп тұрған ешкім жоқ па? Біз одан оянып кеттік, терезе ашық еді. Қала орталығы. Сыртта сұмдық сасық иіс, – деді өзге тұрғын.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қалада түнде ірі өрт жағдайлалар тіркелмегенін хабарлады. Тек үш ұсақ қоқыс өртену оқиғасы болған:
• Әуезов ауданында, 1-шағын ауданда, 2 шаршы метр аумақта қоқыс контейнері жанған;
• Алмалы ауданында, Шагабутдинов көшесі мен № 23 үйдің маңында 0,1 және 0,5 шаршы метр көлемінде қоқыс өртенген.
ТЖД өкілдері иістің көзін анықтау үшін қалалық әкімдік пен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгінгендерін айтты.