Өмірден озған ақмолалық бұған дейін вирустан қаза тапқан азаматпен байланыста болған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов онлайн брифинг барысында мәлімдеді.
Соңғы мәліметтер бойынша, Ақмола облысында коронавирус індетінен бір науқас көз жұмды. Жалпы, облыста вирус жұқтыру фактісі бойынша 43 жағдай тіркелген, үш науқас қайтыс болған.
6 сәуір күні өмірден озған Целиноград ауданының 1929 жылғы тұрғыны бұған дейін қаза тапқан 1947 жылғы тұрғынмен байланыста болғандар қатарынан. Жалпы, 216 адам байланыста болған. Науқастан коронавирус инфекциясы диагнозы 7 сәуірде жасалған өлікті сою нәтижесінде анықталды, - деді басқарма басшысы.
Науқас артериялық гипертензия, ортан жіліктің мойынының сынығы (2016 жылдан бастап), ДЭП синдромы, паркинсионизм, жүректің ишемиялық ауруы, стенокардия кернеу, созылмалы бронхит диагноздарымен тiркеуде болған.
Қазіргі таңда коронавирус дерті анықталған пациенттер оқшауландырылып, тиісті ем қабылдауда. Бүгінде облыстағы стационарларда 372 науқас ем қабылдап жатыр, - деп толықтырды сөзін Сүлен Ілиясов.
Айта кету керек, қазір Қазақстан бойынша вирус жұқтырған 709 науқас тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 222 адам, Алматы қаласында – 119 адам, Қарағанды облысында - 55 адам, Ақмола облысында - 43 адам, Атырау облысы - 36 адам, Жамбыл облысында - 45 адам, Шымкент қаласында - 20 адам, Шығыс Қазақстан облысында - 6 адам, Алматы облысында - 10 адам, Ақтөбе облысында - 11 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 25 адам, Павлодар облысында - 1 адам, Маңғыстау облысында - 6 адам, Қызылорда облысында - 72 адам, Батыс Қазақстан облысында - 2 адам, Түркістан облысында - 33 адам, Қостанай облысында - 3 адам.