7 Қазан 2026, 11:19 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

«Қағидат іске аспаса, ол – кейінге қалдырылған уәде»: БҰҰ өкілі бейбітшілік туралы айтты

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтіп жатыр. Жиында дінаралық және мәдениетаралық диалогты нақты нәтижеге бағыттау, бейбітшілікті нығайту және жасанды интеллектіні этикалық тұрғыдан қолдану мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы БҰҰ Адамгершілік бауырластық жоғарғы комитетінің Бас хатшысы әрі Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Ахмед әл-Тайебтің кеңесшісі Мұхаммед Әбделсалам мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясы бейбітшілікті орнықтыру және діндер арасындағы диалогты нығайту жолындағы бірлескен жұмыстың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Бұл құжат рухани және моральдық құндылықтардың адам қадір-қасиетін көбірек құрметтейтін әрі айырмашылықтарды өркениетті түрде қабылдай алатын әлем қалыптастыруға үлес қоса алатынын көрсетеді, – деді Мұхаммед Әбделсалам.

Алайда оның сөзінше, бүгінгі негізгі мәселе қағидаттарды тұжырымдаумен ғана шектелмеуі керек. Маңыздысы – сол қағидаттарды нақты іске асыру.

Іске айналмаған қағидат – кейінге қалдырылған уәде ғана. Адамның қайғы-қасіретін жеңілдетпейтін диалогтың ықпалы шектеулі болады. Ал қабылданған декларацияның артынан оны іске асыру мен бақылау тетіктері жасалмаса, оның өзгеріс жасау мүмкіндігі де төмендейді, – деді ол.

Осыған байланысты ол құндылықтар бойынша ортақ пікірге келу кезеңінен сол құндылықтарды жүзеге асырудағы нақты ынтымақтастық кезеңіне өту қажеттігін атап өтті.

«Кездесулеріміздің нәтижелерін үздіксіз әрі кешенді жұмыстың бастауы ретінде қарастыруымыз қажет. Кеңесіп, бірлесіп әрекет ету арқылы оның нақты нәтижесін адамзат сезінуі тиіс», – деді БҰҰ өкілі.
Оның айтуынша, нәтиже туралы сөз болғанда, ең алдымен адамзаттың тағдыры назарда болуы керек. Сондықтан бейбітшілік жолындағы жігерді жаңарту қажет.

Соғыстар мен қақтығыстар диалогқа қауіп төндіреді

БҰҰ Адамгершілік бауырластық жоғарғы комитетінің Бас хатшысы қазіргі адамзаттық трагедиялар дінаралық және мәдениетаралық диалогты бейбітшілік, сүйіспеншілік, толеранттылық пен адамзаттық бауырластықтың нақты көпіріне айналдыру жолындағы ортақ күш-жігерге қауіп төндіріп отырғанын айтты.

Оның сөзінше, бұған әлемнің түрлі аймақтарындағы соғыстар мен қақтығыстар себеп болып отыр.

Судандағы, Газадағы, жалпы Палестинадағы гуманитарлық трагедия, Йемендегі жағдай және Таяу Шығыстағы тұрақсыздық бүгінгі кездесудің маңызын айқын көрсетеді, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл Қазақстанның діни көшбасшылар мен ойшылдарды бейбітшілік жолындағы кеңес пен ынтымақтастық үшін бір үстел басына жинау бағытында дұрыс жолда келе жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ ол Біріккен Араб Әмірліктерінің адамзаттық бауырластық құндылықтарын ілгерілету бағытындағы күш-жігерін атап өтті. Бұдан бөлек, Мысырдағы «Отбасы үйі» бастамасы, Әл-Азһар мен Копт шіркеуі және елдегі басқа шіркеулер арасындағы ынтымақтастықты мысалға келтірді.

Оның сөзінше, Сауд Арабиясы Корольдігі, Әзірбайжан Республикасы, Бахрейн Корольдігі және бейбітшілік пен адамзаттың бейбіт қатар өмір сүруіне ұмтылып отырған басқа да мемлекеттер осы бағытта маңызды жұмыстар атқарып келеді.

«Жасанды интеллектінің мүмкіндігі өте жоғары»

БҰҰ өкілі бүгінгі таңда әлемнің болашағына қатысты ең үлкен сындардың бірі жасанды интеллект мәселесі екенін айтты.

Бұл бізге маңызды сұрақ қояды: технология бейбітшілік жолындағы диалогқа қалай үлес қоса алады? – деді Мұхаммед Әбделсалам.

Оның айтуынша, жасанды интеллектінің бұл бағыттағы мүмкіндігі жоғары және оның ықпалы ауқымды болуы мүмкін. Алайда технология елдер мен болашақ ұрпақтардың игілігіне қызмет етуі үшін оның этикалық негізі қалыптастырылуы қажет.

Ол Әл-Азһардың Бас имамы шейх Ахмад ат-Тайебтің сөзін келтіріп, шынайы диалог діни ерекшеліктерден бас тартуды емес, оларды құрметтеуді талап ететінін атап өтті.

Бейбіт қатар өмір сүру айырмашылықтарды жоққа шығаруға емес, сол айырмашылықтарды даналық, әділет пен мейірім арқылы басқаруға негізделеді, – деді ол.

«Адамзаттың бауырластығы туралы құжаттың» маңызы

Сөз барысында 2019 жылы Абу-Дабиде қол қойылып, жарияланған «Адамзаттың бауырластығы туралы құжат» та ерекше аталды.

Оның айтуынша, бұл тарихи құжат діни көшбасшылар арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Құжатта адам қадір-қасиетін қорғау ортақ жауапкершілік екені және бейбітшілік үшін бөлінушіліктен жоғары тұратын саяси ерік қажет екені көрсетілген.

Бұл тарихи құжат әлемдегі көптеген көшбасшыларға, халықтарға және түрлі дін өкілдеріне шабыт беріп, адамзаттық бауырластық жолындағы жұмысты жалғастыруға серпін берді, – деді Мұхаммед Әбделсалам.

Сөз соңында БҰҰ Адамгершілік бауырластық жоғарғы комитетінің Бас хатшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, вице-президентке және Қазақстандағы ұйымдастырушылар тобына алғысын білдірді.

Сіздерден өтінішім – осы жұмысты жалғастыра беріңіздер. Бұл жұмыс нақты нәтижесін беріп келеді және адамзатқа сіздердің еңбектеріңіз қажет, – деді ол.

Оның айтуынша, Астанадағы кездесу жай ғана жиын емес.

Бұл – соғыс түтіні мен өшпенділік қараңғылығы жайлаған күрделі кезеңде адамзатқа жол көрсететін үндеу әрі үміт, – деді ол.