«Қағаздан оқиды». Депутат министрлер мен орынбасарларына ескерту жасады

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жалпы отырысқа келген министрлер мен олардың орынбасарларына ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біздің министрлер мен олардың орынбасарлары дайындықсыз келеді екен. Біреуі баяндама жасап, жауапты оқып отыр. Екіншісі жалпылама әңгіме айтады. Бұл бірінші рет емес, бірнеше рет қайталанып отыр. Депутаттар нақты сұрақ қояды, бірақ нақты сұрақ жоқ. Біз қайта-қайта сұрап, нақтылаймыз. Бұлай болмауы керек қой, - деді ол ескерту жасап.

Депутат өзінің сұрағын Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа қойды.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, біз бизнесті қолдауымыз керек. Оған әңгіме жоқ. Бірақ біз қолдаймыз деп, көптеген мәселені бүлдіріп алдық. Біріншісі, Екібастұздағы жағдай. Екіншісі, МАЭК-тегі жағдай. Кешегі Қарағанды облысындағы шахтадағы мәселелер. Бұл бүкіл өндірісте үлкен проблема. Неге? Біз олардың барлығын қорғап, бизнесті дамытады деп, тексеруді прокуратура органдары арқылы реттеп қойдық. Қазір бірде-бір өндірістік қауіпсіздігі, экологиялық қауіпсіздік мәселесі болсын, кіре алмайды. Олардың қолдары байланған. Заңмен байлап қойып отырмыз. Ал оның арты адам өліміне әкеліп жатыр, - деді Жаңбыршин.

Депутат бұл өндірістің құлдырауына, техникалардың жаңаланбауына әкеліп жатқанын жеткізді.

Осы ретте министрлік (Ұлттық экономика министрлігі – ред.) салалық министрліктермен бірге барлығына ревизия жасап, заңдарды қарап, біржақты шешімдер қабылдай ма? Бұлай жалғаса беретін болса, тағы да апаттарға ұшыраймыз. Адам өліміне әкеледі. Осы бағытта не істеп жатырсыздар? Мұны бізден халық пен мамандар сұрап отыр, - деп айтты Еділ Жаңбыршин Мәжілісте.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы