«Қағазда қалған қалам ізі». Елордада жас каллиграфтың көрмесі ашылды
Елордада Хан Шатыр ОСО-да каллиграф Мәдина Құсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көрме Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Көрменің мақсаты - құснихат өнерін қайта жарыққа шығарып, Мәдина Құсайын сияқты тума таланттарды халықтың назарына ұсыну.
Қазақстандағы Түркия елшісі Мұстафа Капуджу көрменің ашылуында сөз сөйлеп, құснихат өнерінің маңызы туралы айтып берді.
Сонымен қатар Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының Алмагүл Исина орталық дарынды жастарға қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.
Қазақта «бұлақ көрсек, көзін аш» деген жақсы сөз бар. Біздің орталық талантты, өнерсүйер жастарға үнемі қолдау көрсетіп отырады. 2019 жылы Жастар жылына орай өте дарынды суретші Назерке Кемелбаеваның жеке сурет көрмесін ашқан болатынбыз. 2021 жылы тағы да үш отандасымыздың «Қыл қаламмен Түркия» деп аталатын көрмесін аштық. Енді бүгін ислам мәдениетінің ажырамас бөлігі - құснихат өнерін таныстырамыз. Бір қызығы, бұл өнермен көбіне ер адамдар айналысады. Мадинаны қазақтан шыққан тұңғыш каллиграф деп айтуға болады. Біздің негізгі мақсатымыз - сирек кездесетін бейнелеу өнері түріне қолдау көрсетіп, халықтың назарына ұсыну, - деді Алмагүл Исина.
Айтуынша, құснихат - ол әдемі сөзді көркемдеп, нақышпен жазу. Сондай-ақ бұл - шыдамдылықты, талапты қажет ететін өнердің түрі.
Нақыштап көркем жазу, яғни құснихат - дамыған Ислам мәдениетінің ажырамас бір бөлшегі. Түрік халқынан шыққан және кейіннен бір-бір мектепке айналған әйгілі құснихатшылар: Шейх Хамдулла, Ахмед Карахисари, Хафиз Осман, Мұстафа Раким, Махмут Джелаледдин Эфенди, Есаризаде Мұстафа Иззет Эфенди. Осы орайда, «Құран Меккеде түсірілді, Мысырда оқылды, Ыстанбұлда жазылды» деген тұжырымдамаға сәйкес, Ыстамбұлдың Осман империясы кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен көркем жазу шеберлерінің басын тоғыстырған қала болғанын айта кеткен жөн.
Каллиграф Мадина Құсайынның осы өнермен айналысып жүргеніне 3 жыл болған.
25 жасымда ислам мәдениеті және құснихат жайлы естіп, ізденіп, оқи бастадым. Қазақстанда құснихат өнері дамымаған. Оқып-үйрену қиын. Сол себепті ресейлік каллиграфтан дәріс алып, жазуды үйренуді жалғастырдым. Осы өнермен айналысып жүргеніме үш жылдай уақыт болды. 150-ге жуық туындым бар. Бүгінгі көрме - менің алғашқы көрмем. Мұнда ұсынылған жұмыстар авторлық туындылар. Құснихаттың бірнеше стилі болады. Көне тарихи стильді жазу үшін арнайы рұқсаты бар ұстаз дәріс беруі керек. Бізде ондай оқу жоқ. Сол себепті ресейлік каллиграфтан үйреніп, жазып жүргенім - еркін заманауи көркем стиліндегі жазу, - деп айтты жас каллиграф.
Мадина көбіне түрік каллиграфтарынан үлгі алатынын айтты. Ол алдағы уақытта осы өнерді тереңірек үйренгісі келетінін айтты. Сондай-ақ ол каллиграфияға қызығушылық танытып жүргендерге сабақ беру жоспарында бар екенін айтты.
Өте ерте кезеңде 6 -10 ғасырларда пайда болған құснихат қаламмен сызылып, жазылады. Қаламы қамыстан, тақтайдан, бамбуктан жасалады. Жазу үшін қолданылатын сиясы оңайлықпен өшпейді. Бір қызығы, қағазға түскен жазу түзетуге келмейді. Бұл өнер қазақ жеріне жат емес. Десек те, қиын-қыстау замандарда көпшіліктің назарынан тыс қалған. Бекзат өнер түрі болып саналатын құснихат Қазақстанда енді дамып келе жатыр.
«Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмеде қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш каллиграф Мәдина Құсайынның «Қылыш», «Қызғалдақ», «Түңгі ай», «Ғалам», «Махаббат», «Көңіл гүлі», «Ғалам» композициясы, «Кемшіліксіз», «Гүлді тапқан көбелек», «Тасбиық» көркем жазбасы сияқты 30 шақты көркем өнер туындысы халық назарына ұсынылды.
Көрме 29 маусымға дейін ашық болады. Хан Шатыр орталығының келушілері бірінші қабаттағы фойеден тамашалай алады.