"Қағазбастылықтан арылдық". Үздік ұстаз мұғалімдерге жасалып жатқан жағдай туралы айтты
Бүгін Алматы қаласындағы С.А.Ходжиков атындағы №39 мамандандырылған лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұржігіт Аманов “Үздік педагог – 2025” атағын иеленді. Ол байқауға қатысудағы мақсаты, сынақ барысы және ұстаз мәртебесін арттыру бағытындағы өзгерістердің әсері туралы ойын бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
– “Үздік педагог” конкурсына қатысудағы мақсатыңыз қандай болды?
– Бұл байқауға қатысудағы басты мақсатым – кәсіби деңгейімді жетілдіру, педагогикалық шеберлігімді шыңдау және еңбек жолымдағы тәжірибемді жаңа көзқараспен саралау болды. Конкурс әр ұстазға өз жұмысын терең талдап, кәсіби дамуына баға беруге мүмкіндік береді. Сондықтан мен бұл мүмкіндікті өзімді жетілдірудің және жаңа белеске көтерілу жолы ретінде қабылдадым.
– Сайыс барысы қалай өтті?
– Конкурс үш кезеңнен тұрды: аудандық, облыстық және республикалық. Әр кезең ұстаздың кәсіби біліктілігі мен шығармашылық әлеуетін жан-жақты көрсетуге бағытталды. Байқау жоғары деңгейде, әділ әрі ашық түрде ұйымдастырылды. Қатысушылар әр кезеңде жинаған балдарын көріп, кері байланыс алып отырды.
Аудандық және облыстық кезеңдерде біз кәсіби жетістіктерімізді дәлелдейтін марапаттар мен әдістемелік материалдар, оқушылардың нәтижелері мен жаңашыл сабақ үлгілерін ұсындық. Сондай-ақ 500 сөздік эссе арқылы өз педагогикалық ұстанымымызды таныстырдық.
Мен өз тәжірибемді жүйелеп, соңғы жылдардағы жетістіктерімді саралауға көп көңіл бөлдім. Бұл байқау ұстаздың кәсіби белсенділігін, үздіксіз дамуға деген ұмтылысын айқындайтын ерекше мүмкіндік деп білемін.
Республикалық кезеңде талаптар айтарлықтай күшейді. Ашық сабақ барысында заманауи әдіс-тәсілдер мен интерактивті технологияларды тиімді пайдаланып, оқушылардың белсенділігін арттыруға тырыстым.
– Бұл конкурстың ұстаздарға берері қандай деп ойлайсыз?
– “Үздік педагог” конкурсы ұстаздарға өз жұмысына жаңа көзқараспен қарап, кәсіби тұрғыда өсуге зор мүмкіндік береді. Ол ұстаздың әдістемелік қоржынын байытып, заманауи педагогикалық технологияларды қолдану дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.
Сонымен қатар бұл байқау – әріптестер арасындағы шығармашылық байланыс пен тәжірибе алмасудың тиімді алаңы. Ол ұстаздың қоғамдағы беделін арттырып, өз еңбегінің лайықты бағасын көруге жол ашады.
– Соңғы жылдардағы реформалар сіздің жұмысыңызға қалай әсер етті?
– Соңғы жылдары елімізде ұстаздардың мәртебесін арттыруға және кәсіби қызметін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды реформа жүзеге асты. Бұл өзгерістер менің де жұмысыма айтарлықтай оң ықпал етті.
Әсіресе “Педагог мәртебесі туралы” заң ұстаз еңбегінің қоғамдағы маңызын арттырып, әлеуметтік және кәсіби қолдауды күшейтті. Мұғалімдерді артық қағазбастылықтан босатып, уақытты сапалы білім беруге бағыттауға мүмкіндік берді. Соның арқасында мен де оқыту процесін жетілдіруге және оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға көбірек назар аудара алдым.
– “Үздік педагог” атағын иеленген сәттегі сезіміңізді бөліссеңіз.
– Бұл атақ – менің ұстаздық өмірімдегі ең қуанышты сәттердің бірі. Ол мен үшін жай марапат емес, жылдар бойы төгілген еңбектің, ізденістің және шәкірттеріме деген сүйіспеншіліктің жемісі.
Бұл жетістік – менің ғана емес, мені қолдап, сенім білдірген Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайфеденов Сайран Тәпенұлы мен Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Смағұлова Ардақ Рахымғалиқызы бастаған ұжымның да ортақ еңбегі деп санаймын.
“Үздік педагог” атағын иеленген барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын! Шәкірттеріміз қазақтың ары мен намысын қорғайтын елдің тірегі болсын!
- Уақыт бөліп, сұрағымызға жауап бергеніңізге рақмет! Марапатыңыз құтты болсын!
Еске сала кетейік, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова "Үздік педагог" байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Үздік мұғалімдер 4 млн теңгеден алды.