"Қағаз жүзіндегі бизнес": 1,9 млн кәсіпкер қайдан шықты?

Соңғы жылдары Қазақстанда тіркелген кәсіпкерлер саны күрт артты. Ресми дерекке сүйенсек, елде 1,9 миллионнан астам бизнес субъектісі бар. Алайда бұл өсім нақты экономикалық серпілістің көрінісі ме, әлде салықтық режимдер мен әкімшілік тетіктердің салдары ма? Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов «қағаз жүзіндегі бизнес» ұғымының қайдан шыққанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Салық режимдеріндегі өзгерістер

Оның сөзінше, алғашқы Салық кодексі қабылданып, Мемлекеттік кірістер министрлігі құрылған сол кезеңде арнаулы режим шағын бизнесті қолдаудың құралы ретінде енгізілген.

Бастапқыда бұл патент түрінде болды. Яғни жалғыз өзі жұмыс істейтін адамдарға, қолөнершілерге арналған жүйе еді. Кейін жеңілдетілген декларация енгізілді, ал одан әрі кәсіпкер біртіндеп жалпыға бірдей белгіленген режимге өтуі тиіс болатын, – дейді Жәнібек Нұржанов "NAC Analytica" орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жалпыға бірдей белгіленген режим – бұл Салық кодексіндегі базалық жүйе. Ол корпоративтік табыс салығын, жеке табыс салығын және қосылған құн салығын төлеуді көздейді. Ал жеңілдетілген декларация – есептеу тәртібі оңайлатылған, ставкалары бөлек белгіленген арнаулы режим.

2001 жылы жеңілдетілген декларацияны жеке кәсіпкерлер де, заңды тұлғалар да қолдана алды. Жеке кәсіпкерлер үшін жылдық табыс шегі 18 миллион теңге болса, заңды тұлғалар үшін 36 миллион теңге болды. Ол кезде бұл жүйе бизнестің біртіндеп өсуін көздеді, – деп түсіндірді комитет төрағасының орынбасары.

Кейін бұл режим бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Жәнібек Нұржановтың пайымдауынша, 2018 жылы енгізілген өзгерістерден кейін табыс шегі ұлғайып, мөлшерлеме 3 пайыз деңгейінде қалды. Ал 2021 жылы бөлшек салық режимі пайда болды.

2026 жылдан бастап жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық біріктіріледі. Шек – 600 мың АЕК, яғни шамамен 2,6 млрд теңге. Базалық мөлшерлеме – 4 пайыз, бірақ өңірлер оны 2–6 пайыз аралығында өзгерте алады, – деді ол.

1,9 млн кәсіпкер қайдан шықты?

Жәнібек Нұржанов ұсынған деректерге сүйенсек, 2018 жылы жеңілдетілген режимде жұмыс істеген салық төлеушілер саны 701 мың ғана болған. Ал 2020 жылдан бастап бұл көрсеткіш күрт өскен.

2020 жылы – 989 мың, 2021 жылы – 1 млн 187 мың, 2022 жылы – 1 млн 482 мың, 2023 жылы – 1 млн 931 мың субъект тіркелді. Яғни, бірнеше жыл ішінде саны екі есеге жуық артты, – деді ол.

Ковид пен салықтық мораторий кезеңі

Оның пайымдауынша, бұл кезең салықтық мораториймен және ковид пандемиясымен тұспа-тұс келді. Экономикада шектеулер болғанымен, ресми статистикада бизнес саны күрт артқан.

Ал жалпыға бірдей режимде жұмыс істейтін салық төлеушілер саны шамамен 350–360 мың деңгейінде тұрақты қалды. Айтарлықтай өсім де, төмендеу де болған жоқ, – деп атап өтті Жәнібек Нұржанов.

2023 жылы жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін 256 мың субъект жалпыға бірдей режимдегі кәсіпорындармен B2B форматында жұмыс істеген. 2024 жылы олардың саны 396 мыңға жеткен.

Дәл осы 396 мың туралы ‘400 мың бизнес жабылады’ деген әңгіме пайда болды. Бірақ бұл – нақты жабылатын бизнес емес, B2B сегментіндегі салықтық модельдің көрінісі, – деді комитет өкілі.

Айналым мен салық жүктемесі

Оның мәліметінше, 2024 жылы жеңілдетілген декларация бойынша жалпы айналым 16 трлн теңгені құраған. Соның 10 трлн теңгесі жалпыға бірдей режимдегі кәсіпорындарға шот-фактура ретінде жазылған. Бұл – 62 пайыз.

Бөлшек салық режимінде B2B операциялар 8 пайызбен жүргізіледі, ал жеңілдетілген декларацияда – 3 пайыз. Сондықтан бизнеске дәл осы режим арқылы жұмыс істеу тиімді, – деп түсіндірді ол.

Белсенді емес және жұмысшысы жоқ кәсіпкерлер

Тағы бір маңызды жайт – белсенді емес кәсіпкерлердің көптігі. Жәнібек Нұржановтың айтуынша, 2024 жылы жеңілдетілген режимдегі 1 млн 884 мың субъектінің 814 мыңы есептілік тапсырмайды.

283 мың кәсіпкердің мүлде жұмысшысы жоқ. 63 мыңында бір ғана қызметкер бар. Бірнеше жұмысшысы барлар – небәрі 37 мың, – деді ол.

Сондай-ақ 396 мың B2B субъектінің 164 мыңы тек бір ғана сатып алушымен жұмыс істейді.

Нақты бизнесте бір ғана клиентпен жұмыс істеу сирек кездеседі. Бұл – еңбек қатынастарын кәсіпкерлікпен алмастырудың айқын белгісі, – деп пайымдайды комитет төрағасының орынбасары.

Салықтан үнемдеу және ұсынылған шектеулер

Ведомство өкілі ұсынған мәліметке сүйенсек, мұндай жағдайда жұмыс беруші 20 пайыз корпоративтік табыс салығының орнына 3 пайыз ғана төлейді. Ал қызметкер әлеуметтік кепілдіктерден айырылады.

Сондықтан біз B2B операциялар бойынша жеңілдетілген декларацияға шектеу қоюды ұсынып отырмыз. Ал халыққа қызмет көрсететін бизнес үшін – дүкендер, кафе, мейрамханалар үшін – жағдай жеңілдетілді, – деді Жәнібек Нұржанов.

Осылайша, оның айтуынша, 1,9 млн кәсіпкердің өсуі нақты экономикалық серпілістен гөрі, салықтық ынталандырулар мен айналып өту тетіктерінің нәтижесі болып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы