30 Қазан 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қағаз кітап па, смартфон ба? Қазақстандық оқырмандардың таңдауы қандай?

Қазақстанда 18-28 жастағы жастардың 48,9%-ы кітап оқуға қызығушылық танытады. Ал жасөспірімдер арасында тұрақты кітап оқитындардың үлесі 65%-дан асады. Қағаз кітап әлі де сұраныста болғанымен, электронды және аудиокітаптардың да өз оқырманы бар. BAQ.KZ тілшісі Мәдениет және ақпарат министрлігінен, Ұлттық академиялық кітапханадан ресми деректер алып, жас қазақстандықтардан қандай кітап оқитынын және қай форматты таңдайтынын сұрады.

Жастар кітап оқуға қызыға ма?

Кітап оқу мәдениеті туралы сөз болғанда, жастардың гаджетке көбірек уақыт бөліп, қағаз кітаптан алыстап бара жатқаны жиі айтылады. Алайда ресми зерттеулер бұл мәселеге біржақты қарауға болмайтынын көрсетеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Роллан Құспанның редакцияға берген жауабына сәйкес, Қазақстандық қоғамдық даму институты 2026 жылғы 8-28 маусым аралығында «Қазіргі қазақстандық қоғамның әлеуметтік құрылымы» атты зерттеу жүргізген. Оған 18 жастан асқан 4 800 адам қатысқан.

Зерттеу нәтижесінде респонденттердің 43,4%-ы кітап оқуды ұнататынын айтса, 53,3%-ы кітап оқуға қызығушылық танытпайтынын көрсеткен. Кітап оқуға кедергі келтіретін негізгі себептердің бірі – уақыттың жетіспеуі.

Дегенмен жастар арасындағы көрсеткіш жалпы көріністен өзгеше. Зерттеуге сәйкес, 18-28 жас аралығындағы респонденттердің 48,9%-ы кітап оқуға қызығушылық танытқан.

Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуына қатысты да арнайы зерттеу жүргізілген. Ұлттық академиялық кітапхана 2026 жылғы наурыз-маусым айларында еліміздің барлық өңірін қамтыған «Балалардың кітап оқуы – ұлттық құндылық» республикалық зерттеуін ұйымдастырған.

Зерттеуге 36 мыңнан астам адам қатысқан. Олардың қатарында 9-12 жастағы 9 мыңнан астам бала, 13-17 жастағы шамамен 16 мың жасөспірім, 8 мыңға жуық ата-ана және 1 610 кітапхана маманы бар.

Зерттеу қорытындысы бойынша, 13-17 жастағы жасөспірімдердің 65%-дан астамы тұрақты түрде кітап оқиды. Олар көбіне шытырман оқиғалы шығармаларды, фэнтези, детективтер мен заманауи көркем прозаны таңдайды.

Бұл деректер жастардың кітапқа қызығушылығы жоғалды деуге негіз жоқ екенін көрсетеді. Алайда кітап оқуды тұрақты әдетке айналдыру үшін отбасы, мектеп және кітапханалар арасындағы байланысты күшейту қажет.

Қағаз кітап па, электронды нұсқа ма?

Кітап оқу форматы да өзгеріп келеді. Бірі қағаз кітапты қолына ұстап оқуды ұнатса, енді бірі телефоннан немесе электронды құрылғыдан оқуды ыңғайлы көреді. Аудиокітапты таңдайтындар да бар.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2026 жылғы онлайн-сауалнамасы бойынша, белсенді оқырмандардың 77,5%-ы баспа кітапты, 25,9%-ы электронды кітапты, 8,1%-ы аудиокітапты таңдайды. Бұл сауалнамада бірнеше форматты қатар таңдауға мүмкіндік берілгендіктен, көрсеткіштердің қосындысы 100%-дан асады.

Электронды формат әсіресе жастар арасында сұранысқа ие. Мәселен, 18-24 жастағы респонденттердің 39,8%-ы электронды кітапты таңдаса, 14-17 жастағы жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 35,9%-ды құраған.

Ал Ұлттық академиялық кітапхананың зерттеуінде 13-17 жастағы жасөспірімдердің 58%-ы баспа кітаптарын оқуды жөн көретіні анықталған. Қалған 39%-ы электронды және аудиокітаптарды таңдайды немесе кітап форматына бейтарап қарайды.

Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Күміс Сейітованың айтуынша, жастардың кітап оқу әдеті өзгеріп келеді. Олардың ақпаратты қабылдау жылдамдығы, әдебиет таңдауы және кітаптан күтетін дүниесі де бұрынғыдан өзгеше.

Бүгінгі жастар көбіне оқиғасы ширақ өрбитін, мазмұны тартымды, иллюстрациясы көп шығармаларға назар аударады. Классикалық әдебиеттер де оқырмандар арасында сұранысқа ие, – дейді Күміс Сейітова.

Оның сөзінше, жасөспірімдер арасында комикс, манга және манхва сияқты графикалық әдебиет түрлері де танымал. Ал көркем әдебиеттен детектив пен фантастикаға, танымдық әдебиеттерден психология мен тұлғалық дамуға арналған кітаптарға қызығушылық байқалады.

Электронды кітап қағаз басылымды ығыстыра ма?

Ұлттық академиялық кітапхана басшысының пікірінше, электронды кітаптардың таралуы қағаз кітапқа деген сұранысты жойған жоқ. Екі формат та қатар дамып келеді.

Күміс Сейітова қағаз кітаптың басты артықшылығы ретінде мәтінді зейін қойып оқуды, маңызды тұстарын белгілеуді және қажетті беттерге қайта оралуды атайды. Ал электронды ресурстар ақпаратты жылдам іздеуге және материалдарға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда кітап оқу мәдениеті цифрлық технологиялармен қатар дамып келеді. Оқырмандардың бір бөлігі дәстүрлі кітапты таңдаса, енді бір бөлігі электронды ресурстарды пайдалануды қажет етеді, – деп атап өтті кітапхана басшысы.

Ұлттық академиялық кітапхана дәстүрлі қорды дамытумен қатар, ұлттық мұраны цифрландыруға және электронды ресурстардың қолжетімділігін арттыруға мән береді.

Қазір Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхананың қорында әлемнің 70 тіліндегі 87 мыңнан астам толықмәтінді құжат бар. Оның ішінде 10 мыңнан астам цифрландырылған қолжазба мен сирек кітап бар. Ресурстар 125 елдің оқырмандарына қолжетімді.

2025 жылы платформаны 457 мың адам пайдаланса, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында виртуалды оқырмандар саны 367,6 мыңға жеткен.

Ұлттық академиялық кітапхананың дерегіне сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында кітапхананың тұрақты оқырмандарының саны 55 380 адамды құраған. Осы кезеңде оқырмандарға 505 014 құжат қағаз түрінде, ал 1 291 923 құжат виртуалды форматта ұсынылған. Яғни ұсынылған құжаттың шамамен 71,9%-ы виртуалды форматқа тиесілі.

Бұл көрсеткіш электронды ресурстардың кітапхана қызметіндегі маңызды орнын аңғартады. Дегенмен виртуалды форматта ұсынылған құжаттардың барлығы электронды кітап оқуға ғана қатысты емес: оның құрамына ғылыми және басқа да ақпараттық ресурстар кіреді.

Қағаз кітапқа деген сұраныстың сақталғанын баспа саласының статистикасы да көрсетеді. 2024 жылы Қазақстанда 5 620 атаумен 6 239 610 дана кітап жарық көрген. Ал 2025 жылы 6 206 атаумен 7 170 550 дана кітап басылып шыққан. Бір жылда басылым атауларының саны 10,4%-ға, жалпы таралымы 14,9%-ға артқан.

Жастар қандай кітаптарды оқып жүр?

Ұлттық академиялық кітапхана мәліметінше, жастар арасында фэнтези, детектив, психология, өзін-өзі дамыту, тарих, кәсіпкерлік және ғылыми-танымдық әдебиеттерге қызығушылық бар. Комикс, манга және манхва сияқты жанрлар да жас оқырмандардың назарын аударып келеді.

Сонымен қатар қазақ тіліндегі әдебиеттерге де сұраныс байқалады. Кітапхана дерегіне сүйенсек, оқырмандарға берілген басылымдардың жалпы көлеміндегі қазақ тіліндегі әдебиеттердің үлесі 60,1%-ды құрайды.

Классикалық шығармалар қатарында Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза және Төлен Әбдіктің туындылары тұрақты сұранысқа ие.

Қазіргі қазақ әдебиетінің өкілдері де оқырман назарынан тыс қалмайды. Кітапхана ұсынған деректерде Есбол Нұрахметтің «Ол жаққа құдай жоқ», Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» және Айым Ақылтайдың «Қарыз» шығармалары аталған.

«Қағаз кітаптың орны бөлек»: оқырмандар не дейді?

Тілшіміз әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтардан қазіргі уақытта қандай кітап оқып жүргенін, қағаз немесе электронды нұсқаның қайсысын таңдайтынын сұрады. Жауаптардан бір форматқа ғана басымдық беретіндермен қатар, жағдайға қарай екеуін де пайдаланатындар бар екені байқалды.

Көпшілік қағаз кітапты қолмен ұстап оқу, мәтінге назар аудару және телефонға алаңдамау мүмкіндігі үшін таңдайтынын жазған.

«Қағаз кітап. Зейініңді толықтай қойып оқи аласың, ал телефонда біраз жазсаң, елеңдеп кете бересің», – деп жауап берген оқырмандардың бірі.

Тағы бір оқырманның пікірінше, баспадан шыққан кітапты оқу ерекше әсер сыйлап, жеке кітапхана жинауға деген қызығушылықты арттырады.

«Қолмен ұстап көрген – бір бөлек дүние ғой», – деп жазған сауалнамаға қатысушылардың бірі. Кейбірі кітаптың иісін сезіп, парақтарын аударып оқуды ұнататынын айтқан.

Оқырмандардың арасында қазіргі оқып жүрген кітаптарын да бөліскендер бар. Олардың бірі «Оқуға ынталы ми» кітабын оқып жүргенін жазса, енді бірі Ақберен Елгезектің «Дәрдай» романын атап өткен. Тағы бір оқырман Агата Кристидің «Убийство Роджера Уокрейда» шығармасын оқып жүргенін айтқан. «Алхимик» те жауаптарда кездескен кітаптардың бірі болды.

Сонымен бірге электронды кітаптың қолайлылығын атап өткендер бар. Олардың айтуынша, электронды нұсқа қағаз кітапты табу қиын болғанда немесе жолда жүргенде ыңғайлы. Бір оқырман психологияға қатысты кітаптарды электронды форматта, ал көркем әдебиетті қағаз кітаптан оқитынын жазған.

Аудиокітап тыңдайтындар да бар. Мысалы, үш баласы бар оқырман үй шаруасымен айналысып жүріп аудиокітап тыңдайтынын, бұл уақытты үнемдеп, мазмұнын жақсы есте сақтауға көмектесетінін айтқан.

Тағы бір қатысушы кітап оқу форматын қолындағы уақытына қарай таңдайтынын жеткізген: қолы бос болмаса – аудиокітап тыңдайды, уақыт болғанда – қағаз кітап оқиды, ал қағаз нұсқасы табылмаса – электронды нұсқасына жүгінеді.

Әлеуметтік желідегі бұл шағын сауалнама бүкіл Қазақстан жастарының пікірін білдірмейді. Дегенмен жауаптар оқырман таңдауының әртүрлі екенін және кітап оқу форматы адамның өмір салтына, уақытына әрі жеке қалауына байланысты өзгеретінін көрсетеді.

Кітап оқу мәдениетін дамыту үшін не істеліп жатыр?

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, елде оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірнеше бастама іске асырылып жатыр.

Олардың қатарында «Жылдың 10 оқырманы» республикалық марафоны бар. Жоба 2026 жылғы қыркүйекте басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Қатысушыларға 345 әдеби шығармадан тұратын тізім ұсынылған. Әр қатысушы өз санаты бойынша 15 кітап оқуы керек. Жоба 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды деп жоспарланған. Қорытынды кезеңде үздік 10 оқырман анықталады.

Сонымен қатар министрлік 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Оның мақсаты – оқу мәдениетін қоғамның тұрақты құндылығына айналдыру, азаматтардың оқу сауаттылығын, сыни және аналитикалық ойлау қабілетін дамыту.

2025-2027 жылдарға арналған жалпыға ортақ кітапханаларды жаңғырту жол картасы да жүзеге асырылуда. Ол кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға, қызмет көрсету тәсілдерін жетілдіруге және заманауи мәдени-танымдық кеңістіктер қалыптастыруға бағытталған.

Ұлттық академиялық кітапханада «Бір ел – бір кітап», «Жанды кітап», «Әке мен бала», «Әжемнің ертегісі», «Отбасымен оқимыз» жобалары жұмыс істейді. «KitapTime» республикалық фестивалі, «Шәкәрім оқулары» байқауы және «Ашық әдеби лекция» жобасы да кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған.

Министрлік сондай-ақ «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Құжатта кітапхана қызметін жаңғырту, отандық кітап басылымдарын қолдау, ұлттық әдеби мұраны шет тілдеріне аудару және жас қаламгерлерге грант беру тетіктері қамтылған.

Жалпы, ресми зерттеулер мен кітапхана деректері жастардың кітап оқуға қызығушылығы сақталғанын көрсетеді. Қағаз кітап әлі де басым формат болғанымен, электронды және аудиокітаптар оқырмандардың күнделікті өміріне еніп келеді. Ал жастардың өз жауаптары кітап оқудың бір ғана үлгісі жоқ екенін аңғартады: біреу үшін кітап – тыныштық пен зейін, енді бірі үшін – жол үстінде білім алудың немесе бос уақытты тиімді пайдаланудың жолы.