"Қағаз да, бөтелке де бір қоқысқа кетіп жатыр": Депутат сұрыптау жүйесі туралы

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы басты мәселе – қоқыстың дұрыс сұрыпталмауы және осыған байланысты өңдеу зауыттарының тиімді жұмыс істей алмауы екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, ең негізгі мақсат – қоқысты өртеу емес, қайта өңдеуге жағдай жасайтын толыққанды жүйе құру.

Депутаттың айтуынша, қалдықтарды қағаз, шыны, металл секілді категорияларға бөліп жинау – қалдықты әрі қарай өңдеудің маңызды шарты. Алайда қазір елде бұл процесті қолдайтын инфрақұрылым жеткіліксіз.

Қалдықтарды, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс, оны категориялап бөлшектеу – қағазды бөлек, шыныны бөлек, металды бөлек жинау қажет. Өйткені ертең оны өңдеуге мүмкіндік болатындай болуы керек. Сондықтан да біздің ең басты ұсынып отырған бастамамыз – өңдеу зауыттарын шын мәнінде өңдеуге бағыттау. Өртеу емес, өңдеуді талап ету, – деді Қожаназаров.

Ол күнделікті тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптап, қажетті инфрақұрылымды “Жасыл даму” бағыты аясында қаржыландыру қажет екенін айтты. 

Сонымен бірге халықтың қоқысқа деген көзқарасын өзгерту маңызды екенін, бұл үлкен ағарту жұмысын талап ететінін атап өтті.

Қазір сыртқа шықсаңыз, қағазды бөлек лақтырсаңыз да, бөтелкені немесе жеп тауыспаған сэндвичті тастағыңыз келсе де – бәрі бір жәшікке түседі. Сондықтан мұндай жағдайда қоқысты өңдеу мүмкіндігі жоқ. Осындай мүмкіндік беру және өңдеу зауыттарын ашу үшін алдымен қоқысты бөлшектеу қажет, – деді депутат.

Айдарбек Қожаназаров өзінің отбасында қоқысты мүмкіндігінше сұрыптап жинайтынын айтты, бірақ бұл жеке деңгейдегі қадам ел бойынша шешім болмайтынын атап өтті.

Әсіресе қағазға келгенде, дәптерлерді, журналдарды, газеттерді бөлек орап шығарамыз. Тамақ қалдықтарын да ит-мысыққа жетсін деп бөлек шығарамыз. Бірақ бұл жүйелі шешім емес. Бұл – тек өз аулаңда істейтін тәртіп. Ал бүкіл ел қолдауы үшін инфрақұрылым керек, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, елдегі қалдықтарды басқару саласын түбегейлі өзгерту үшін инфрақұрылымды жаңғырту, сұрыптау жүйесін енгізу және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы