Қабылданған Заң – қорғаушы құжат – заңгер пікірі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 сәуірде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Енді екі аптадан соң заң толық нақты күшіне енбек. Осы орайда Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары, заңгер Айдана Сатылғанқызының ойын білген еді.

– Мына қабылданған заңға байланысты жалпы бір ашып, түсіндіре кетсеңіз?

Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамаққа алуға жатады.

Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Педофилді өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмаған 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады.

Қылмыстық құқықбұзушылық бойынша «адам өлтіру» бойынша кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан қылмыстар бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету. Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтіруіне дейін немесе өзiн-өзi өлтіруге оқталуына дейiн жеткiзу, сол сияқты оны өзін-өзі өлтіруге көндіру не соған ықпал ету бойынша үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

– Айдана Сатылғанқызы, біртіндеп облыста ғана емес, шалғай елді мекендерде де отбасын қолдау орталықтары ашылып жатыр.

– Иә, шалғай ауылдарда ашылу себебі – кез келген адамға қолайлы жағдай туғызу. Дегенмен, «111» байланыс орталығына хабарласқан жәбірленушіге бұған дейін де отбасы, әйел мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-анықтамалық, психологиялық көмек көрсетіп келеді.

Отбасын қолдау орталықтары халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жанынан аудандарда және қалалардағы аудандарда жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылады және ұймдастырылады.

Қала, аудан орталықтарынан «Отбасын қолдау орталықтары» жергілікті бюджет қарашаты есебінен ашылады.

«Отбасын қолдау орталықтар» мыналарды жүзеге асырылады:

1) мемлекеттік отбасы саясатының шараларын, оның ішінде некені және отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі шараларды іске асырады;

2) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың қолдаумен, оның ішінде интеграцияланған модель арқылы қолдаумен қамтуы жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

3) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдеседі;

4) тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігін беру арқылы қолдау көрсетеді;

5) мемлекеттік отбасы саясатының бағыттары мен шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жасайды;

6) мемлекеттік отбасы саясатын іске асыруды, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, волонтерлермен, консультативтік-кеңесші органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

7) мемлекеттік отбасы саясатының үрдістерін мониторингтеу және талдау жұмысын жүргізеді;

8) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестіруімен, өз құзыреті шегінде білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары қатысқан кезде өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастырады;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша өзге де шараларды іске асырады.

– Осы Кодекстегі «Қамаққа алу» деген тармақты тарқатып беріңізші?

– Кодекстегі «Қамаққа алу» кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған әйелдерге, жас баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдарға тағайындалмайды және жазаны ауыстыру ретінде қолданылмайды. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте бұрында да бар болатын.

Сондай-ақ, осы заңнамаға байланысты құқықбұзушыларға арналған пихологиялық түзету кабинеттерін ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі К.Мажикеновтің келісімімен және Жамбыл облысы әкімнің бірінші орынбасары Н.Календеровтің бекіткен «Тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстарды алдын алудағы 3 айлық акциясының» ЖОСПАРЫНА сәйкес ішкі істер органымен бірлесе отырып, облыс көлемінде білім беру орындарында, құқық қорғау, төтенше жағдайдар мен әскери саланың жеке құрамына және тұрғындар арасында да жаңа заңнаманы түсіндіру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан туындайтын қылмыстардың алдын алу жұмыстары ауқымды түрде жүргізілуде.

– Тағы бір жайт: жуырда жәбір көрген әйелдермен жұмысты әйел тергеушілер жүргізетіндігі туралы ақпар бар?..

– Иә, істі қарауға әйел тергеушілердің араласатындығы жұмысты жеңілдетпесе, зиян келтірмейді. Себебі, психологиялық тұрғыдан алып қарағанда, әйел жанына әйел ұғыну оңайырақ. Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында арнайы тергеушілерге кабинет берілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған нәзік жанды әйелдер мен кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстарды енді Полиция бөлімінде емес, Орталыққа келіп, әйел тергеушілері анықтап, сот-медициналық сараптамалары мен қажетті эксперт мамандарын шақыртып, жұмыстар атқаратын болады.

Білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы іс-әрекеттер жасауы немесе осындай іс-әрекеттердің оларға қатысты жасалу фактілері, оның ішінде кәсіптік қызметіне байланысты өздеріне белгілі болған білім беру ұйымдарынан тыс фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлау керек.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру көрсетілетін қызметтерін ұсыну түрлері және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің барлық түрі бойынша лицензияланады.

Осы сәтте баса айта кейін, бұл заң – жәбір көрген адамды қорғаушы құжат.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы