Қаба: Тіл комитеті Каспи банк қазақша сөйлегенше, бұл мәселені назарда ұстайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қаба Facebook-тегі парақшасында жақын арада Каспи банк қазақша сөйлейтінін хабарлады.

«Халық талап етсе, хан түйесін сояды» деген рас екен. Тіл комитеті халықтың «Каспи банк қашан қазақша сөйлейді» деген талабын ресми түрде жеткізген едік. Кеше Каспи банктің баспасөз қызметі хабарласып, халықтың талабына жауап берді. 

Кaspi.kz қолданбасының қазақша нұсқасы дайын. Алайда, қазіргі жағдай жоспарларымызға түзетулер енгізді. Пандемияға байланысты Kaspi-дің ресурстары ел тұрғындарына көмектесуге арналған жобаларға бағытталды. Өте қысқа мерзімде тұтынушыларды қолдау бағдарламасын, Kaspi Gold шотын ашу, Kaspi.kz арқылы жәрдемақыға өтініш беру қызметін қосып, egov.kz порталындағы кейбір қызметті Kaspi.kz-ке біріктіруді жүзеге асырдық. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз және жақын уақытта клиенттеріміз қолданбадағы барлық қызметті мемлекеттік тілде тұтына алады, - делінген банк хабарламасында. 

Оның айтуынша, Тіл комитеті енді банк уәдесінің орындалуын күтеді.

Енді ресми жауапты және уәденің орындалуын күтеміз. Халық шығарып салма уәдемен алдай салатын бала емес екенін беделі биік банк басшылығы жақсы біледі деп сенем. Тіл комитеті Каспи банк қазақша сөйлегенше, бұл мәселені назарда ұстайтын болады. Ал Сіз және әр қазақ, өзіңіз дәл осы сағаттан бастап банкоматтан ақша алғанда, тек қазақшасын теріңіз. Балаларды да соған үйретіңіз. Үлкен іс кішкентай әрекеттерден басталады. Сосын дүйсенбіден бастап бір-бірімізбен орысша қоспай, таза қазақша сөйлесетін апта екенін ұмытпаңыз, өзгелерге де айтыңыз, - деп жазды Қаба.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы