Жазылмай қалған еңбек өтілін қалай растауға болады?
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көпшіліктің көңілін күпті қылған еңбек өтілі көп жылғы бейнеттің зейнетін көретін жасқа жеткенде бой көрсетіп жататыны белгілі. Біреу мұны тәптіштеп өмір бойы назарда ұстаса, енді біреу күнде ертеңмен енжарлыққа салып жүретіні де рас.
Жазбаның болғаны жөн
«Аталған заңның 14-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін тағайындаудағы еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады. «Еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау» қағидаларына сәйкес, қызметкермен еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыс беруші немесе ол уәкілеттік берген адамның қолымен және ұйымның мөрімен жұмыскердің жұмысқа кірген, жұмыстан кеткен уақыты, марапаттаулары мен көтермелеулері туралы барлық жазбалар расталуы қажет. Еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде еңбек өтілі жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар немесе сот шешімі негізінде белгіленеді», - дейді Болат Сәтеков.
Онлайн алуға болады
Жауапты тұлғаның айтуынша, қазіргі уақытта мұрағаттық анықтама алу үрдісін жеңілдету бағытында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Атап айтсақ, бүгінде бұл жұмыстар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен «Электрондық үкімет» веб-порталының сервисі арқылы қолға алынған.
«Мұрағаттық анықтамаларды беру» қызметін e.gov.kz порталы арқылы алу үшін интернетке кіруге мүмкіндігі бар компьютер қажет. Ең алдымен порталдың сайтында тіркелу/авторлану рәсімінен өту керек. Сонан соң «Мұрағаттық анықтамаларды беру» бөлімінде электрондық-цифрлық қолтаңбамен расталған қажетті ақпараттар сипатталған сұраным жолдау керек. Кейін бұл сұраным электрондық байланыс арқылы осы іске құзырлы мемлекеттік органға келіп түседі. Аталмыш порталдағы жеке кабинетте қызмет алушы Ақпарат және мұрағаттар комитетіне жолдаған сұранымының мәртебесін, өтінішіне қоса тіркеген құжаттарды, денсаулық жағдайының өзгеру тарихын бақылай алады. Сондай-ақ, көрсетілген қызметтің нәтижесімен таныса алады», - дейді Болат Кәлімұлы.
Нақты көрсету қажет
Еңбек өтілін растайтын мұрағаттық анықтамаларды онлайн алуға мүмкіндігі жоқ азаматтар қажетті деректері көрсетілген өтінішпен Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінулеріне болады. Ол үшін болашақ зейнеткер өзімен жеке куәлігін, өзі бара алмаған жағдайда өкілетін растайтын құжаты немесе нотариалды түрде куәландырылған сенімхаты бар өкілін жіберуі керек.
«Қажетті ақпаратты растайтын немесе деректердің жоқ екендігі жөніндегі мұрағаттық анықтама мемлекеттік қызмет көрсетудің соңғы нәтижесі болып табылады. Қызмет алу кезінде ең бастысы, пошта және электрондық мекенжайын, байланыс телефондарын дұрыс көрсетуі керек. Әсіресе байланыс телефоны мұрағаттық мәліметтерді іздеу кезінде алғашқы ұсынылған ақпараттарды анықтау және нақтылау үшін қажет. Ал сұраным құжатын дұрыс толтырмау немесе мекенжай мен байланыс мәліметтерін көрсетпеу сұранымды орындауға мүмкіндік бермейді», - деп қосты департамент басшысы.