25 Тамыз 2026, 19:08 Фото: видеодан алынған кадр

Пышақпен қаруланған ер адам Ұлттық ұлан сарбаздарына қарсы шықты: Талдықорғанда қауіпті оқиға болды

Әскери қызметшілерге агрессия танытқан ер адамды тоқтату кезінде күтпеген жағдай болды. Ол ұзындығы 90 мм пышақ шығарған

Талдықорғанда қоғамдық тәртіпті бұзып, әскери қызметшілерге қарулы қарсылық көрсеткен ер адам ұсталды. Оны ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінің әскери жасағы қолға түсірді.

Оқиға 24 тамызда шамамен сағат 20:30-да қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін атқару кезінде болған. Әскери жасақ алкогольдік масаң күйде өтіп бара жатқан азаматтарға тиісіп, қоғамдық тыныштықты бұзып жүрген ер адамды байқаған.

Құқыққа қайшы әрекетті тоқтатуға әрекеттенген кезде ер адам әскери қызметшілерге агрессия танытып, оларға шабуыл жасауға ұмтылған. Сол сәтте ол қалтасынан жүзінің ұзындығы шамамен 90 миллиметр болатын жиналмалы пышақ шығарған.

Әскери жасақ бастығы, ефрейтор Данияр Төлепберген, сондай-ақ патрульшілер – ефрейтор Бекарыс Рахатов пен Ерік Тоқтарұлы жағдайға жедел әрекет еткен. Әскери қызметшілер қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолданып, қарулы тәртіп бұзушыны залалсыздандырып, ұстаған.

Оқиға орнына Талдықорған қаласы Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Ұсталған азамат мән-жайды одан әрі анықтау үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Ұлттық ұлан өкілдерінің мәліметінше, әскери қызметшілердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында жағдай бақылауға алынып, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарады. Талдықорғандағы жағдай олардың күрделі әрі қауіпті жағдайда жедел әрекет етуге дайын екенін көрсетті.