Путинцева жұптық сында Осака турнирінің финалына шықты

Қазақстандық Юлия Путинцева жұптық сында Осака (Жапония) WTA 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші ресейлік Анна Калинскаямен бірге жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, корт иелері Эри Ходзуми – Макото Ниномиямен шеберлік байқасты.

Бұл матч Ю.Путинцеваға да, А.Калинскаяға да оңайға түскен жоқ. Өйткені олар бүгін осының алдында жекелей сында өнер көрсетті.

Дүниежүзілік рейтингте 88-орында тұрған Юлия Путинцева ширек финалда үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде әлемнің 39-ракеткасы қытайлық Синьюй Ванға жол берді – 6:7 (4:7), 7:6 (7:1), 3:6. Ал әлемнің 92-ракеткасы А.Калинская рейтингте 123-сатыдағы АҚШ өкілі Эшлин Крюгерден ойсырай ұтылды – 3:6, 1:6.

Бұлардың жұптық сындағы кездесуі де шиеленіспен өтті. Бірінші партияда тай-брейкте жапониялық жұп әбжілдік танытты – 7:6 (7:3). Екінші сетте есеп 5:3 болған мезетте олар матчқа доп берді. Міне, дәл осы сәтте жинала біліп, жанкештілік танытқан Путинцева мен Калинская таразы басын теңестіріп қана қоймай, тай-брейкте айқын басымдылық көрсетті – 7:6 (7:1). Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:7.

Екі сағат 9 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-ресейлік жұп 10 брейк-пойнттың жетеуін мүлт жіберген жоқ. Жапониялық дуэт 1 эйс, 7 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, қазақстандық теннисші бір күнде екі матчта бес сағат бойы ойнады.

Юлия Путинцева мен Анна Калинская финалда германиялық Анна-Лена Фридзам – украиналық Надежда Киченокпен бас жүлдені сарапқа салады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ktf.kz
Өзгелердің жаңалығы