Путиннің баспасөз хатшысы Ақтаудағы әуе апатына қатысты есепке пікір білдірді

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ақтау маңындағы әуе апатына қатысты есепке пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.  

Песковтың айтуынша, Ресейдің тиісті ведомстволары Қазақстанның Көлік министрлігі жариялаған Embraer-190 жолаушылар ұшағының (Azerbaijan Airlines – AZAL) апатын тергеу бойынша алдын ала есебін мұқият зерттеп шығады.

Бұл алдын ала есеп. Әрине, біздің тиісті ведомстволар оны егжей-тегжейлі, мұқият зерттеп шығады. Президент әкімшілігі бұл тақырыпқа қатысты пікір білдірмейді, – деді ол.  

Ресейлік Росавиация апатқа ұшыраған Azal ұшағында бөгде заттарды анықтау мүмкін болмағанын мәлімдеді. Ведомство Қазақстан Көлік министрлігінің есебі экипаждың Ақтау әуежайын қону үшін өзі таңдағанын және Махачқала мен Минводқа қону ұсыныстарын пайдаланбағанын растағанын атап өтті.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Құтқарушылар Ақтау маңындағы ұшақ апатының орнынан видео таратты.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©Александр Щербак/ ТАСС
Өзгелердің жаңалығы