Путин Ресей Қазақстан Президентін қолдау үшін бәрін жасайтынын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудегі кездесуінен кейін баспасөз мәслихатын өткізді.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтардағы берік ұстанымы мен Ресей мен ҰҚШҰ одақтастарының күшті қолдауының арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен тыныштық орнағанын атап өтті.
Қазақстандағы қаңтар оқиғасы елдің тұтастығы мен тұрақтылығының егемендігіне бұрын-соңды болмаған ерекше сын болды. Шын мәнінде Қазақстан ішкі және сыртқы деструктивті күштердің тікелей қатысуымен жасалған лаңкестік агрессияға тап болды, - деді Путин.
Ол өз сөзінде Ресей Қазақстан Президентін қолдау үшін барлығын жасайтынын айтты.
Президент Тоқаевтың берік ұстанымы мен Ресейдің, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы барлық одақтастың табанды қолдауының арқасында қысқа мерзімде жағдайды бақылауға алуға, тәртіпті қалпына келтіруге, елге бейбітшілік пен тыныштықты қайтаруға мүмкіндік туды, - деді Ресей президенті.
Сонымен бірге Путин ҰҚШҰ туындап отырған қауіп-қатерлерге тиімді әрекет ету, қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздігі мен мүдделерін қорғау үшін бітімгершілік күштерін жедел орналастыру қабілетін нанымды түрде көрсеткенін айтты.