Пулитцер сыйлығын биыл WP пен NYT журналис­тері иеленді

АҚШ-тағы ең беделді журналистік марапат — Пулитцер сыйлығының жеңімпаздары Нью-Йорктегі Колумбия университетінде жарияланды. Бұл марапат биыл 109-рет, 20-дан аса номинация бойынша табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

New York Times басылымының материалдары бірден 4 аталым бойынша жеңімпаз атанды. Олардың қатарында Судандағы қақтығыс туралы репортаж, Балтиморда есірткінің құрбаны болған қара нәсілділер жайлы материал, сондай-ақ АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери операцияларына арналған аналитикалық зерттеу бар. Сонымен қатар NYT фотографы Дуг Миллс 2024 жылдың жазында Дональд Трампқа жасалған қастандық сәтінде түсірілген фотосы үшін марапатталды. Фотода саясаткерге қарай ұшып бара жатқан оқ бейнеленген.

Биыл марапатқа ие болған бірнеше жұмыс Дональд Трамппен байланысты болды. Washington Post басылымы "Шұғыл жаңалықтар" аталымында Трампқа жасалған қастандықты жедел әрі кәсіби жариялағаны үшін жеңіске жетті. Ал Wall Street Journal Трамптың сенімді серігі саналатын Илон Маск және оның саясаттағы беделінің өсуі жайлы материалы үшін марапатталды.

Карикатура жанрында үздік атанған Энн Телнас Трампқа сын айтылған карикатурасын баспағаны үшін Washington Post газетінен кеткеніне қарамастан, марапатқа лайық деп танылды. Ол бұл басылымда 17 жыл жұмыс істеген.

Сондай-ақ, әдеби номинациялар бойынша да жеңімпаздар белгілі болды.

Үздік роман деп Персиваль Эверетттің «Джеймс» туындысы танылды. Бұл шығармада «Гекльберри Финнің басынан кешкендері» романының оқиғалары қара нәсілді құл Джимнің көзімен қайта баяндалады.

Үздік деректі шығарма ретінде Бенджамин Натанстың «Сәтсіз болып көрінетін мақсатымыздың табысы үшін: Кеңес диссиденттік қозғалысының көптеген өмірі» атты кітабы марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы