Пұл сөзі қайдан шыққан?
Төл теңгемізге отыз жыл. Қазақ тілінде қандай сөздер «ақша» мағынасында қолданылған, соның ішінде қолданыстан шығып, тілге актив сөз болып қайта кірген пұл сөзінің тарихын «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметкері Әділов Мәрлен талдайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақ тілінде ақша деген мағынада ақша, теңге, тиын, пұл, сом, манат, бақыр, шақа, жармақ сөздері болған, кейбірі осы күнге дейін қолданылып келеді, ал көбі ұмытылған. Осылардың ішінде пұл сөзі ұмытыла бастаса да, соңғы кездері тілге қайта кірді. Пұл сөзін көбіне айыппұл, шай-пұл терминдері арқылы білеміз. Пұл сөзінің негізгі мағынасы – «ақша». Оңтүстік қазақтарының тілінде жиі жұмсалады. Тілімізде сонымен бірге үлеспұл, өтемпұл, өсімпұл, жарнапұл, жөргекпұл секілді жаңа экономикалық терминдердің құрамында айтылады.
Пұл сөзі парсы тіліндегі پول пул «ұсақ ақша, тиын» дегеннен келген. Бізге болса парсылардан сауда арқылы жеткен.
Ал парсыларға көне грек саудагерлері обол деген тиынды жеткізген. Сол обол сөзі бірінші бол, сосын бұл, ең соңында пұл болып өзгерген.
Көне гректердегі «тиын» мағынасындағы обол (ὀβολός) сөзі пол, бол деген варианттарымен ортағасырларда Византияда, сосын Франция,Голландия, Италия, Испаниясияқты Еуропа елдерінде қолданылған. Тиынның санына қарай оны пентобол (5), триобол (3), диобол (2) деп атаған.
Қанша ұқсағанмен қаржы термині пул сөзі бұнымен байланысты емес.
Пұл сөзі түркі тілдерінде де кең таралған сөздердің бірі. Әсіресе өзбек, ұйғыр, қарақалпақ, әзербайжан, түрікмен тілдерінде біздегі «ақша» сөзі сияқты жиі айтылады. Қырғыз, қазақ, татар, құмық, ноғай секілді қыпшақ тілдерінде ақша актив сөзге жатады. Түрік тілінде акча немесе пул сөзі кездескенімен пара сөзі сияқты белсенді қолданылмайды.
Пұл сөзі тарихи дәуірлерден Алтын орда мемлекетінде ең төменгі ақша құны яғни тиын валютасы ретінде қолданылған. Ал жеке сөз ретінде ерте орта ғасырлардан бері түркі жазба мұраларында кездеседі.
Қазақ тілінде де сондай «ұсақ бақыр, мыс тиын» мағыналарында және жалпы «ақша» мәнінде жұмсалған. Оны Арзанның пұлы татымайды; Пұлыңа табылса тегіндей қуан; Ер белгісі ‒ құнында, зер белгісі ‒ пұлында; Жорға жүрісінен пұл болады, Жаман жүрісінен құл болады, Атадан пұл қалғанша, ұл қалсын мақалдарынан да аңғарамыз.
Пұл сөзі (кейде бұл нұсқасында) Абайда да жиі кездеседі:
Пұл үшін қызықпассың, сен де бір ер / Сені маған кез қылған пәруардигер.
Абай тіпті осы атауға етістік тудырушы жұрнақ қосып, бұлдау «сату» деген туынды етістікті пайдаланады:
Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам «ілімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады... (6-қара сөз).
Абайда бұл/пұл мата түрі ретінде де қолданылады:
Жаңа бұлмен жамырап саудагерлер / Диханшылар жер жыртып, егін егер
Енді пұл-дың «ақша» мағынасы матадан келді ме, әлде мата атауы ақша мағынасынан ауысты ма деген сұраққа келсек, бізше «ақша» деген мағынасынан барып ауысқан секілді, өйткені ол сөздің ең көне мағынасы «тиын ақша» екендігі айтылады. Сонымен бірге түркі тілдері мен ескерткіштерінде оның «мата» деген мағынасы кездеспейді. Мата мағынасы Шығыс Қазақстан қазақтарына тән говорлық ерекшелікке жатады.
Сонымен, ақша мағынасында қолданылған бұрынғы сөздерді де білгеніміз артық етпейді, сөздің мағынасын түсінсек, ілгеріде оларды айыппұл секілді жаңа термин ретінде тіл айналымына қайту кіргізу де мүмкін.