ПТР-тестке арналған жиынтықтарда радиоактивті заттар бар – жалған ақпарат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазнетте пайдаланушылар COVID-19-ға ПТР-тестілеу өткізуге арналған жиынтықтардың құрамында радиоактивті заттар бар екендігі туралы ақпарат таратты.
Атап айтқанда, мұндай компоненттер биоматериал алу үшін мұрын қуысына енгізілетін стиктердің құрамында болады екен. Бұл шындыққа жанаспайды деп хабарлайды stopfake.kz.
ПТР-тестілеуге арналған жиынтықтардың құрамына уытты, улы немесе радиоактивті заттар кірмейді. Бұған оңай көз жеткізуге болады, өйткені Желіде ПТР-тестілеу жинақтары және олардың құрамы туралы ақпарат көп.
АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) ресми сайтында жарияланған нұсқаулықта биоматериалдар жинауға арналған стиктер синтетикалық талшықтардан, мысалы, полиэстерден немесе вискозадан, ал олардың шыбықтары тығыз пластиктен жасалуы тиіс делінген.
Сондай-ақ, Желіден әртүрлі өндірушілердің ПТР-тестілеу жиынтықтарының сипаттамаларын көруге болады. Онда жиынтықтың әр элементі неден жасалғандығы туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылған және олардың ешқайсысына радиоактивті элементтер кірмейді.
Кейбір жағдайларда стиктерді радиациямен зарарсыздандыруға болады. Бұл ретте қаптамаға тиісті белгі қойылады. Алайда радиация көмегімен зарарсыздандыру процедурадан кейін зат радиоактивті болады дегенді білдірмейді. Бұл әдіс оңай бақыланады және әртүрлі материалдардан жасалған заттарға қолданылуы мүмкін. Процесс аяқталғаннан кейін өңделетін заттарда радиацияның ізі қалмайды.
Желіде радиация арқылы зарарсыздандыру туралы ғылыми жұмыстар көп, яғни, бұл әдіс тұтынушы үшін қауіпсіз деген қорытынды жасауға болады.
Бұрын радиоактивті изотоптар ПТР тестілеу жүргізілген зертханаларда да қолданылып келген. Бүгінде олар флуоресцентті бояғыштар болып табылатын арнайы маркерлермен алмастырылды.
Қорыта айтқанда, ПТР-талдауға арналған жинақтарда радиоактивті заттар болатыны туралы ақпарат – фейк. Биоматериал жинауға арналған стиктер тығыз пластиктен және полиэстер немесе вискоза сияқты синтетикалық талшықтардан жасалады. Медициналық жабдықты зарарсыздандыру үшін Гамма сәулелерін қолдануға болады, бірақ бұл процесс аяқталған соң өнімдерде радиация іздері қалмайды. Радиоактивті изотоптар енді зертханаларда ПТР талдау жүргізу үшін қолданылмайды.