ПТР талдау жиынтықтарына қатысты жалған ақпарат тарады

ПТР талдау жиынтықтарына қауіпті жарқырайтын химикат сіңірілген деген жалған ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазнет қолданушылары таратқан видеороликте ультракүлгін сәуле астына ПТР-тестке арналған таяқша-тампон қойылған. Таяқшаның ұшы көгілдір түсте жарқырайды. Сондықтан пайдаланушылар оған белгісіз қауіпті химикаттар сіңірілген және оны қолдану денсаулыққа қауіпті деп ойлайды. Бұл олай емес. Неге екенін және таяқшаның ұшы неге жарқырайтынын түсіндіріп өтейік.

Тараған видеода өндіруші туралы ақпарат ұсынылған таяқша-тампонның қаптамасы көрсетілген. Бұл қытайлық Jiangsu Changfeng Medical Industry Co.Ltd. компаниясы. Оның сайтында таяқша-тампондардан тұратын талдаулар жүргізуге арналған барлық жиынтықтар туралы ақпарат жарияланған. Оның ішінде флок пен арнайы көбіктен жасалған таяқшалар да бар. Олардың құрамында қауіпті химикаттар жоқ.

Түсі ақ болғандықтан олар ультракүлгін сәуледе жарқырайды. Таза ақ түс арнайы ағарту арқылы алынады. Осы мақсаттар үшін қолданылатын құралдардың көбінің құрамында люминофор деп аталатын заттар болады. Соның нәтижесінде заттар жарықта аппақ болады, ал ультракүлгін сәуледе көгілдір түсте жарқырайды. Дәл осындай заттар тіс пастасында, қағазды ағартуға арналған химикаттарда және т.б болады.

Осы себептен ультракүлгін сәулемен тісіңізді, ақ жаймаларды, ақ қағазды және басқа да ақ түсті заттарға қарасаңыз, олар жарқырайды.

Бұл барлық затқа қауіпті химикаттар сіңірілген немесе денсаулыққа қауіпті дегеннің белгісі емес.

Таяқша-тампондардың қауіпсіз және құрамында қауіпті химиялық заттар жоқ екенін әртүрлі елдердің ресми ресурстары да, фактчекерлер де жазған болатын.

Қорыта айтқанда, таратылған видео пайдаланушыларды шатастырады. Стик ультракүлгін сәуледе белгілі бір қауіпті химикаттардың әсерінен емес, ақ түсті болғандықтан жарқырайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы