Психолог кеңесі. Тұрмысқа шықпас бұрын нені ескеру керек
Әлеуметтік желілерде тұрмыс құрмаған қыздарға кеңес айтатын жандардың қатары артқан.
Осылайша тұрмыстық зорлық-зомбылық, ажырасу, т.б. проблемалардың алдын алуға болады дейді. Осы ретте, психолог Гүлзат Қанаттың тұрмыс құрмастан бұрын нені ескеру керектігін атап өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Психологтың айтуынша, тұрмыс құрғанға дейін бірнеше мәселенің басын ашып алған дұрыс.
Алдымен жұбыңыздың қаржылық жағдайын анықтап алыңыз. «Айлық табысы қанша, оны қайда және қалай жұмсайды? Кредиті бар ма, қандай мақсатта алған? Құмар ойындарға әуестігі бар ма? Ата-анасына, бауырларына ірі қаражат бере ме?» деген сұрақтардың жауабын білген дұрыс. Себебі ол отбасын құрғанан кейін бірден өзгеріп кетуі мүмкін емес, – дейді психолог.
Ол сондай-ақ отбасындағы негізгі кикілжіңдер әке-шешенің тәрбиесіне, ер азаматтың ішіп, шегуіне байланысты екеніне тоқталды.
Жұбыңыздың, оның отбасы мүшелерінің есірткі, арақ-шарапқа тәуелділігі бар-жоғын білгеніңіз артық етпейді. Әке-шешесі ерлі-зайыпты ретінде қалай тұрады? Бұл отбасында ұрып-соғу қалыптасқан нормаға айналған ба, жоқ па? Өзара келісімге келе ме? Сізді тыңдай ала ма? Ашуын қалай шығарады? Осы сұрақтардың жауабын білген абзал. Себебі ата-анасынан көрген тәрбиені ер азамат өз отбасында қайталайды. Сондай-ақ репродуктивті денсаулығы да отбасыңыздың аман болуына кепілдік бермек. Міндетті түрде жыныстық инфекцияларға тексерілу, спермограмма тапсыру қажет. Көп жігіт урологқа бара бермейді. Ерлердің жыныстық аурулары көп жағдайда симптомсыз өтеді. Уақтылы тексерілмей, өзінің де, әйелінің де денсаулығын қатерге тігіп жатады. Бала туу тек қана әйелдің шаруасы емес, – дейді Гүлзат Қанат.
Психолог ер азаматтың опасыздыққа көзқарасы қандай екенін, үйлі болғанда кіммен бірге тұратынын анықтап алудың айыбы жоғын атап өтті.
Опасыздық, көп әйел алу бар жерде, психоанализ көзқарасымен дұрыс отбасы болмайды. Сондай-ақ тек қыз туса не тек ұл туса немесе мүлде бала болмаса, қалай әрекет ететін білгеніңіз жөн. Себебі көп отбасыларда тек қыздың немесе ұлдың ғана дүниеге келуіне байланысты ұрыс шығып, шаңырақтың шайқалуына әкеп соқтыруда. Сондай-ақ отбасы құрғаннан кейін қайда, кіммен тұрады? Өз алдына бөлек тұра ма әлде ата-ана, бауырларымен бірге тұра ма? Осы сауалға жауап іздегеніңіз де абзал. Себебі үйдегі кикілжің осыдан да пайда болуы мүмкін. Үйленгеннен кейін келіспей, ажырасып, қырқысып жатқаннан гөрі ең басында жақсылап сынап алған жөн. Ең абзалы, өзіңіз психологқа барыңыз. Басыңыздағы сценарий қандай? Сізге қандай жүп керек соны анықтап алыңыз, – дейді психолог.