Прокурорлар үш әкімге айыппұл салды

Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауданының әкімі, сондай-ақ жақын маңдағы Вавилон және Зевакин ауылдық округтерінің әкімдеріне 369 200 теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Altaynews.kz-ке сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, қолданыстағы мемлекеттік сатып алу туралы заңнама егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетiн қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі АЕК-тің 3 000 еселенген мөлшерінен аспаса, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының осындай біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетiн қызметтерді бір көзден сатып алуға мүмкіндік береді.

Жекелеген әкімдер сатып алу кезінде бір ғана жұмыстың құнына тоқталып (3000 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың біртектілік жайлы қойылатын талаптарын әдейі елемеген, - деп жазылған облыстық прокуратураның хабарламасында.

Шемонаиха қаласы әкімінің аппараты аталған әдіспен қысқы жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы сомасы 27,2 млн теңгеге 3 шарт жасасқан. Жұмыстың сипаты біртекті, бірақ бұл ретте жалпы құны 3000 АЕК-тен асқанын ескере отырып, бұл сатып алулар бәсекелестік ортада жүзеге асырылуы тиіс болатын.

Осындай заң бұзушылықтарға Зевакин және Вавилон ауылдық округтерінің әкімдері де жол берген.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша Шемонаиха қаласы, Зевакин және Вавилон ауылдық округтерінің әкімдері ҚР ӘҚБтК 207-бабының 11-бөлігі бойынша әрқайсысы 100 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ -архив
Өзгелердің жаңалығы