Прокуратура жол салу кезінде жіберілген бұзушылықтарды анықтады
Жетісу облысы прокуратурасымен Кербұлақ ауданында автомобиль жолын салу кезінде жіберілген бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы жылдың 7 наурызында Кербұлақ ауданында еріген сулардың шайылуы салдарынан Малайсары станциясына қарай автомобиль жолы жартылай қирап, жарамсыз болып қалды.
Прокурорлық тексеру нәтижесінде осы учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында Заңның өрескел бұзушылықтарына жол берілгені анықталды.
Бастапқыда бұл жұмыстар мемлекеттік органға жобалау-сметалық құжаттамасыз және сараптама жүргізбестен мемлекеттік сатып алуды жүргізуге мүмкіндік беретін ағымдағы жөндеу түрінде заңсыз жүргізілген. Бұл өз кезегінде техникалық және авторлық қадағалау тарапынан бақылауды жояды.
Нәтижесінде су бұру жүйелерінің өткізу қабілеті есептелмеген және жүргізілген жұмыстардың сапасы қамтамасыз етілмеген.
Прокуратура мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының әрекеттерінде мемлекетке зиян келтірген және аса ірі залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтады.
Осы факт бойынша а. ж. 3 сәуірінде арнайы прокурорлар жүзеге асыратын ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 3-тармағының 4-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.