Прокуратура шешімімен отбасылық бұзақы 10 тәулікке қамалды
Оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы қолданылды.
Ол 10 тәулікке қамалды деп хабарлайды BAQ.KZ Бас прокуратураға сілтеме жасап.
2024 жылғы 30 қазанда Қаратөбе аудандық соты Е. азаматына отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін Қазақстан Республикасы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес (Құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, тұрғын үйде жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса) ескерту жарияланды.
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданының прокуратурасы сот актісінің заңдылығын зерделеу барысында істі қарау кезінде Е. азаматының отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқықбұзушылықты қайталап жасау фактісі сотпен ескерілмегенін анықтады. Аудандық прокуратура сот қаулысына апелляциялық өтінішхат келтіріп, қорытындысы бойынша заңсыз сот актісінің күші жойылды.
Нәтижесінде 2024 жылдың 11 желтоқсанында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқықбұзушылықты жасағаны үшін E. азаматы Қазақстан Республикасы "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Кодексінің 73-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы қолданылды.