Прокуратура бейбіт шеруде заң шеңберінен шықпауды ескертті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының прокуратуралары 30 маусымда өтетін бейбіт шерулерде заң талаптарын сақтауға шақырды.
«Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Заңның 4-бабы шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті атқарушы органы 2019 жылғы 30 маусымда бейбіт митингілерді белгіленген орындарда өткізуге рұқсат берді», - делінген ресми хабарламада.
«Прокуратура туралы» Заңның 32-бабына сәйкес құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқығын қорғау мақсатында төмендегі тәртіпті түсіндірді.
Конституцияның 34-бабына сай әркім Қазақстан Республикасының Негізгі заңы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Заңның 5-бабының талаптарына сәйкес ұйымдастырушы аталған митингінің және оларға қатысушылардың сөз сөйлеуi өтiнiште көрсетiлген мақсатқа сәйкес, белгiленген мерзiмде және келiсiлген жерде өткiзуі қажет.
Бұл ретте ұйымдастырушылар мен қатысушылар қоғамдық тәртiптi сақтауға мiндеттi, сондай-ақ оларға:
- көлiктiң және жаяу жүргiншiлердiң қозғалысына бөгет жасауға;
- инфрақұрылым нысандарының үздiксiз жұмыс iстеуiне кедергi келтiруге;
- жергiлiктi атқарушы органдардың рұқсатынсыз киiз үйлер, шатырлар, өзге де уақытша құрылыстар тұрғызуға;
- жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына залал келтiруге;
- өзiмен бiрге суық, атыс және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарсы, азаматтарға және заңды тұлғалардың меншiгiне материалдық залал келтiру үшiн пайдаланылуы мүмкiн арнайы жасалған немесе бейiмделген заттарды алып жүруге;
- іс-шараны өткiзуде қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ететін мемлекеттiк орган өкiлдерiнiң қызметiне кез келген нысанда араласуға тыйым салынады.
Заңның 7-бабына сәйкес, бұқаралық іс-шараларды темiр жол, су және әуе көлiгiнiң объектiлерiнде, сондай-ақ мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн, қауiпсiздiгiн және халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн ұйымдардың жанында, денсаулық сақтау мен бiлiм беру мекемелерiнiң жанында өткiзуге жол берiлмейдi.
Егер митинг өткізуге өтініш берілмесе, оған тыйым салу туралы шешім шығарылса, оларды өткізу тәртібі бұзылса, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп, қоғамдық тәртіп бұзылса Бейбіт жиналыстар туралы Заңның 8-бабы бойынша жергілікті атқарушы орган өкілінің талабымен тоқтатылуы тиіс.
Аталған заңды талаптарды шерушілер орындаудан бас тартса, ішкі істер органдары оларды тоқтату бойынша шара қабылдайды.
Келтірілген заңның нормаларын бұзғаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабы немесе айтарлықтай залал келтірген жағдайда Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша) көзделген.
«Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы елорданың тұрғындары мен қонақтарын аталған бейбіт митингтерге қатысу кезінде Конституция мен Заң нормаларының талаптарын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққққааа ермеуге және құқықбұзушылықтар жасамауға шақырады», - дейді қалалық прокуратура.