Профессионалдар. Балаға массаж жасау
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұрын қырқынан шықпаған сәбиді әжесі суға түсіріп, майлап, сылап-сипайтын. Қазір жаңа туған сәбиіне профилактикалық массажды дәрігерге жасататын ата-аналар көбейіп келеді. Үйге массаж жасайтын дәрігер шақырғанда ата-ана нені ескеруі керек? Дұрыс жасалмаған массаждың салдары қандай болады? Осы мәселе жөнінде реабилитолог дәрігер Латиф Парпиев ата-аналарға кеңес айтып, массаждың дұрыс жасалу жолдарын көрсетті. BAQ.KZ сайты бұл туралы видеоматериал дайындады.
Егер нәрестенің денсаулығы жақсы болса - ата-ана массажды өздері жасағаны жөн. Реабилитолог дәрігер осындай пікірде.
"Қырық күнге дейін балаға дұрыс массаж жасалса, ары қарай буыны жақсы қатайып, аяғына нық тұратын болады. Ең дұрысы – балаға ата-анасының өзі массаж жасап үйренгені жөн.
Қазіргі уақытта жас ата-аналар балаларына қырық күн толғанша үйге дәрігер шақыртып профилактикалық массаж жасатуды әдетке айналдырған. Баланың дені сау болса – ондай массажды өзіңіз де істей аласыз. Тәжірибесіз массаж жасаушы баланың аяғын, қолын, буынын шығарып алуы мүмкін. Егер балаңыз тоқтамай жыласа – дәрігер массаж жасауын тоқтатып, себебін анықтауы керек. Ал тәжірибесіз маман тоқтаусыз жасайды, ондай кезде қатты жылағаннан баланың басындағы, жүрегіндегі және басқа органдарындағы тамырлар жарылып, бұлшықеттері қарысып қалуы мүмкін", - дейді Латиф Парпиев.
Бұл – мүгедектікке алып келетін жағдай. Дәрігердің массажды дұрыс жасамауы себепті көз жұмған балалар да бар.
"Қазіргі уақытта дәрігердің дұрыс массаж жасамауы себепті сал болып қалған 3 және 11 жастағы екі бала менен ем алуда", - дейді ол.
Сондай-ақ, дәрігердің дипломын және санитарлық кітапшасын көрсетуін талап ету керек.
"Дәрігер жылына бір рет баламен жұмыс істеуге болатыны туралы мөр басылған рұқсат қағаз алуы керек. Осы құжаттары болмаса – сенім артпаған жөн", - дейді дәрігер.
Зарина Әбілмәжінова
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Таразда автобуста телефон ұрлаған азамат ұсталды
Келесі жаңалық
Перизат Қайрат 10 жылға соттала ма
Өзгелердің жаңалығы