Профессионалдар. Татуировка немесе татуаж жасау кезінде қауіпті індет жұғуы мүмкін – маман
Маман АИТВ мен ЖИТС инфекциясының алдын алу қағидалары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елмұрат Жаңабергенов мектеп кезінен ақ халатты абзал жан боламын деп армандаған. Ол хирург болғысы келгенін айтады.
Хирург болғым келді. Бірақ ҰБТ тапсырып, мамандық таңдаған кезде хирург мамандығына түсе алмадым. Осылайша, қоғамдық денсаулық сақтау бөлімін тәмамдадым. Қазір осы салада жұмыс істеймін. Мен алдын алу бөлімінде жұмыс істегендіктен, біржыныстыларға профилактика жүргізем. Олардан экспресс-тест, ЖИТС сараптамаларын үнемі алып тұрамын, - деді ол.
Індеттің 4 сатысы бар. Бірінші 3 сатысы АИТВ деп аталса, төртінші стадияға өткен ЖИТС болады.
АИТВ-сі бар науқастарға індетті өзгелерге жұқтырмау бойынша кеңес береміз. Бір реттік қорғаныш заттарын ұсынамыз. Бұл індет жас талғамайды. Жаңа туған сәбиден 80 жастағы қарияда да болады. Жеке гигиенаны сақтамай, індет туралы түсінік болмаса, ауруды жұқтырып алу әбден мүмкін. Сондықтан осы тұрғыда сауатты болған абзал, - дейді маман.
Жаңабергенов әр азаматта кез келген дерт туралы түсінік болған дұрыс деп есептейді.
Сондықтан да мектеп кезінен бастап АИТВ/ЖИТС бойынша ақпарат беру керек. Бұл індет жыныстық қатынас, қан арқылы және анадан балаға сүт арқылы жұғады. Қазір көп жағдай жыныстық қатынас арқылы болады. Қорғаныш заттарынсыз бейберекет жыныстық қатынасқа түсу ЖИТС-ті ғана емес, өзге де венерологиялық аурудың жұғуына алып келуі мүмкін, - деді ол.
Маманның айтуынша, сән салондарында татуировка немесе татуаж кезінде қан арқылы ЖИТС жұғуы мүмкін.
Мұндай жағдай болмас үшін қызмет көрсету орындарындағы заттардың тазалағына, олардың қайталанбай қолданылуына назар аудару керек. Маникюр, педикюр жасаған кезде бір рет қолданған заттарды пайдаланбауды қадағалау керек. Процес жасалатын заттар барынша зарарсыздандырылған болуы керек. Сондай-ақ әр адам жеке бас гигиенасын қатаң ұстанғаны абзал, - деп түйіндеді ол.
ЖИТС – жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромы, аурудың соңғы, терминальды сатысы. АИТВ адам ағзасындағы оппортунистикалық аурулар дами бастағанда иммундық жүйені белгілі бір жағдайға дейін әлсіретуі мүмкін. АИТВ-адамның иммун тапшылығының вирусы. АИТВ адамның ағзасына түскен кезде, бізді аурулар мен инфекциядан қорғайтын ағзаның иммундық жүйесін бұзады.