Профессионалдар. Құтқарушы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін – Қазақстан құтқарушыларының кәсіби мерекесі. Құтқарушылар – олар кімдер? Олар бүгінгі күннің батырлары, төтенше жағдай болғанда, өзгенің өмірі үшін өз өмірлерін қиятын жандар. Осындай бейбіт күннің батыры – аға өрт сөндіруші, сержант Руслан Күбетаев.
Құтқарушы Руслан Күбетаев 1991 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Амангелді ауылында туған. Ол өрт сөндіру қызметі саласында 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді.
Бала арманы
Өрт сөндіруші болуды бала кезден армандадым. Мектепті бітірген соң, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде құтқарушы мамандығы бойынша білім алдым. Мұнда өрт сөндіру тактикасын, өрттің алдын алу шараларын және практикалық түрде білімімді жетілдірдім. Кейін 2013 жылы оқуды тәмамдаған соң, әскери борышымды өтеуге аттандым, - деді Руслан Күбетаев.Ол өрт сөндіру саласындағы қызметтік жолын 2014 жылы елордада бастаған және қазіргі күнге дейін осында өз міндетін атқарып келеді.
2014 жылы 10 шілдеден бастап осы салада қызмет атқарып келемін. Алғашында өрт сөндіруші болып кірдім, кейін аға өрт сөндіруші лауазымына дейін көтерілдім. Нұр-Сұлтандағы №10 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп келемін, - дейді ол.
Құтқарушылардың миссиясы
Руслан Күбетаев сөз арасында құтқарушылардың негізгі миссиясы мен міндеті туралы айтып берді.
Біздің негізгі міндетіміз – адамдардың өмірін құтқару, сондай-ақ табиғатты да сақтауға күш салу. Өртке барған кезде оқиға орнында адамдардың бар-жоғын анықтау, оларды іздеп, өрт арасынан қауіпсіз жерге шығару – басты міндетіміз, - деп түсіндірді құтқарушы негізгі міндеттері туралы.Руслан өз қызметі барысында ірі өрт оқиғаларында болғанын айтты. Сондай-ақ ол жұмысқа тұрғаннан кейін алғаш шыққан өрті туралы айтып берді.
Жұмысқа кіргеннен кейін өртке алғашқы шыққан кезім есімде. Бұл күні Юго-восток ауданында жеке тұрғын үй маңындағы автотұрақтан өрт шықты. Онда электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт пайда болған. Дер кезінде оқиға орнына жеткеннің арқасында өрттің таралып кетуіне жол бермей, тұрғын үйді апаттан сақтап қалдық, - деп атап өтті маман.Сонымен қатар ірі өрт оқиғалары туралы да айта кетті.
Б.Момышұлы көшесі бойында орналасқан «Байқоңыр» ТК-де лифттің сымдары жанып, өрт шықты. Өрт болған биік тұрғын үйлерде түтіні жоғарыға қарай шығады. Осы ретте біздің бірінші мақсатымыз – жоғарыдағы тұрғындарды таза ауаға шығарып, эвакуациялау. Өзіміз қажетті құрал-саймандарымызды киіп алып жоғарыға көтерілеміз. Осы оқиға кезінде қателеспесем, 24-қабатта егде жастағы әже мен оның қызы болды. Әже өз аяғымен жүре алмайтын болғандықтан, арқама отырғызып, әр екі қабат сайын «балконға» шығарып, таза ауа жұтқызып, төменге түсірдік. Сөйтіп қасымдағы әріптесім екеуіміз екі адамның өмірін құтқарып қалған болатынбыз, - дейді Руслан Күбетаев.Одан бөлек, 2015 жылдары осы көшенің бойында шыққан өрттен кішкентай нәресте мен екі әйелдің өмірін сақтап қалуда ерлік жасаған.
Сұхбат барысында құтқарушыға 7 жылдық қызметі кезінде қанша адамның өмірін сақтап қалғаны туралы сұрадық. Ол былай деп жауап берді.
Шынымды айтсам, санамадым. «Бір рет өмір сүріп, мың адамның өмірін құтқару» деген жеке ұстанымым бар. Қанша адамның өмірін құтқарғанымды санап көрмеппін. Өйткені өртке шыққанда әр адамның өмірі қымбат. Одан бөлек, өзімнің де өмірім қымбат. Себебі өртке кірген кезде өзіңді және қасыңдағы әріптестеріңді ойлайсың, - дейді құтқарушы.Руслан Күбетаевтың ата-анасы ұлының әскери салада қызмет атқарғанын қалаған.
Бұл салаға келгеніме өкінбеймін. Негізі ата-анам әскери қызметші болғанымды қалады. Бірақ маған ол сала ұнамады. Себебі өрт сөндіруші болу бала кезгі арманым еді, - деп айтты ол бала кезіндегі арманы орындалғаны туралы.
Құтқарушы қағидасы
Негізгі ережеміз бар. Өрт бөліміне хабар түскен сәттен бастап жанып жатқан жер туралы барлау жұмысы басталады. Диспетчер бөлімінде жанып жатқан объектіде шұғыл кітапшалар бар. Онда қанша адам тұратыны, жарылғыш заттар бар-жоғын оқиға орнына жеткенше, зерттейміз. Өрт оқиғасы орнына жеткен кезде алдымен адамдарды құтқарамыз, - дейді ол.Сондай-ақ құтқарушы үшін уақыт басты рөлді атқарады. Себебі әр секунд қауіп-қатерде тұрған халық үшін маңызды.
Оның айтуынша, құтқарушының жұмыс күні таңғы 8-ден басталады. Олардың киімі жыртық және кір болмауы керек. Ұқыптылық басты – қағида. Әр өрт сөндірушіге сапқа тұрғыннан кейін жұмыс күнінде істейтін шаруалары беріледі. Мысалы, бір өрт сөндіруші құрал-жабдықтарды қабылдап алады, тағы біреуі қыстырғыштарды қабылдайды. Жұмыс күні аяқталғанша, әр маман өзіне тиесілі жұмысқа жауапты болады.
Бір қарауылда 12-14 маман бар. Олардың арасында ең жасы үлкен бөлім командирі Нұрбол Бақытұлы бар.
Жұмысқа кірген кезімнен бастап Нұрбол Бақытұлы тәлімгерім болды деп айтсам болады. Себебі ол өрт сөндіру іс-қимылдарын үйреткен болатын. Тіпті әлі күнге дейін менің бағыт-бағдар берушім. Кейде қателік жасасам, оны түзеп, ағалық тәрбиесін атқарып келеді, - деп айтты Руслан тәлімгері туралы.Сөз арасында Арыста және Байзақта болған ірі апаттар кезіндегі әріптестерінің ерлігі туралы айта кетті.
Біріншіден, қызмет бабында қаза тапқан әріптестерімнің жаны жәннатта болсын. Қайтыс болғандардың арасында жасы үлкені де, кішісі де бар. Өрт сөндіру – біздің міндетіміз, жұмысымыз. Бұл салаға біз өз еркімізбен келгенбіз. Оған ешкімді кінәламау керек. Басқа сала туралы айтпай-ақ қояйын, бірақ өрт сөндірушілер таза еңбек иегерлері. Еліміз, жеріміз үшін адал қызмет етіп келеміз. Бұл – қиын сала. Себебі физикалық, эмоционалды тұрғыдан шыдамды болуды қажет етеді, - дейді құтқарушы.Оның айтуынша, өрт сөндірушілер салқынқанды болып, психикалық тұрғыдан кез келген жағдайға дайын болуы керек. Сондай-ақ құтқарушылар психологтармен жұмыс жүргізіп отырады.
Құтқарушылар жұмысы – физикалық дайындықты да қажет ететін сала. Сол себепті бұл сала мамандары үнемі шынығып отырады.
Жұмысқа түскеннен бастап әртүрлі нормативтер орындалады. Түстен кейін сағат 4 шамасында физикалық дайындық жұмыстары жүргізіледі – жүгіру, секіру, т.б.
Руслан Күбетаев құтқарушы қызметін зейнет жасына шыққанша жалғастыратынын айтты.
Құтқарушыларды мемлекет мінсіз атқарған міндеті үшін медальдармен, алғыс хаттармен, құрмет қағаздарымен марапаттайды.
Мемлекет тарапынан алған марапатым өте көп. Соңғы марапатым – екінші дәрежелі құтқарушы ордені. Оны ТЖМ министрінің қолынан алдым. Бұл марапатты екі баланы құтқарғаным үшін берді, - дейді Руслан.Айтуынша, өрт сөндірушілер 1 күн жұмыс істеп, 3 күн демалады. Ал айлық жалақылары дәрежесіне байланысты болады. Руслан шамамен 170 мың теңгедей жалақы алады.
Халықтың көбі 1 күн жұмыс істеп, 3 күн демалатын қандай жақсы жұмыс деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Аяқ астынан қоңырау шалып, жұмысқа шақыратын сәттер де болады. 3 күн бойы уақытты бостан-босқа өткізбейміз. Өрт сөндірушілер бос уақытында спортпен айналысады. Себебі осы салада жүрген әріптестерім спорт өзі үшін де, өзгенің өмірін құтқару үшін де маңызды екенін жақсы біледі. Мысалы, мен жүгірумен айналысамын. Күніне шамамен 10 шақырым жүгіремін. Одан бөлек, ТЖМ атынан хоккей ойнаймын, - деп айтты құтқарушы.Ол сөз арасында хоббиі туралы да айта кетті. Құтқарушы Руслан хоккей ойнап, домбыра шертеді, ән айтады, балық аулау да сүйікті ісі екенін айтты.
Әріптестеріме алға қойған мақсаттарына жете білу керек екенін айтқым келеді. Ештеңеге мойынсұнбау керек. Бос уақытта спортпен шұғылдануға шақырамын. Өрт болған кезде санаулы секундтарда тез әрі дұрыс шешім қабылдай алу керегін айтқым келеді, - деп сөзін қорытындылады елордалық құтқарушы Руслан Күбетаев.
Руслан Күбетаевтың 3 жастағы ұлы бар. Ол баласы өскеннен кейін әке жолын қуып, өрт сөндіруші болғанын қалайтынын айтты.