Профессионалдар. Криминалист
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ІІМ Жедел-криминалистикалық департаменттің криминалисі, полиция подполковнигі Жақсылық Көрпебаев криминалист мамандарының жұмысы жайында сұхбат берді.
- Жақсылық Қалиқарманұлы, ең алдымен «криминалист» мамандығының ерекшелігіне тоқталсаңыз. Оның қылмысты ашудағы рөлі қандай?
- Криминалистика - тарихы терең, күрделі қызмет. Бұл салаға келген жас маманның алдына таңдау беріледі. Маман мінезіне, мамандығына және қызығушылығына байланысты әртүрлі бағытты таңдап алуына болады. Осы ретте таңдаған бағыттарда өмір бойы біліктілігін арттырып, аталған саланың нағыз маманы атануға мүмкіндік бар. Сондықтан криминалистика қызметінде көптеген мамандық иесі қызмет атқарады.
Кейбір криминалистикалық зерттеуді жүргізу барысында математика, физика, химия ғылымдарын білуі қажет. Мысалы «полиграф» құралының көмегімен арнайы психофизиологиялық зерттеулер жүргізу үшін криминалист психологияны жетік білуі қажет. Баллистикалық зерттеулерді жүргізу үшін физика мен химия ғылымдарын толық меңгеріп, заңдылықтарын қолдана білуі керек.
ДНҚ зерттеулерін жүргізу барысында биология мен басқа да жаратылыстану ғылымдарын толық меңгеруі тиіс. Оқиға орнын қарау барысында маманға көкжиегі кең, ой-өрісі дамыған, ойлау қабілеті көпшіліктен өзгеше болатын адамдар болса, қылмыстың қалай болғанын, қылмыскердің қандай іс-қимыл жасағанын, қылмыскерді табу жолын бірден анықтай біледі. Осындай әртүрлі бағыттағы ғылым және білім иелерімен бір бөлім немесе бір басқармада қызмет атқару өте қызықты. Біздің әр қызметкер құпия мен сырға толы тұлға десек артық болмас.
- Криминалист маман жан-жақты болуы тиіс қой. Оқиға орнында жұмыс істеу, фотосуретке түсіру, оның сырын ұғыну біліктілікті қажет ететін шығар?
- Фотографияның қыр-сырын білу керек. Фотографияның өзі қазірде толыққанды бір сала. Осы сала арқылы әлемге әйгілі болып жүрген фотографтар жетерлік. Осындай шығармашылық бағытта белгілі бір шектеуге келмейтін саланы меңгеріп, оны қылмысты зерттеуде қолдана білуі керек.
- Қызметтеріңізде шетелдік тәжірибеге жүгінесіздер ме?
- Қызмет барысында криминалистер көптеген шет елдің криминалистерімен білім алмасып, әртүрлі оқу курстарын өткізіп тұрады. Жақында біздің қызметкерлер Франция Республикасына барып, заманауи дактилоскопиялық бағдарламаны игеріп келді. Оның бер жағында Интерпол Ұлттық орталық бюросының қатысуымен криминалистиканың әртүрлі салалары бойынша онлайн форматта курстардан өттік.
Сондай-ақ басшы құрамның бастамасымен әрдайым әртүрлі дамыған мемлекеттер өкілдерімен кездесулер өткізіп, олардың заманауи құралдары мен әдістемелерін қызмет барысында қолданысқа енгізудеміз. Сондықтан біздің қызмет әлемдік криминалистикадан тыс қалып жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан да біздің қызметке деген көзқарас күн санап артуда. Оның бірі - «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңның қабылдануы. Осы заң аясында әлемдегі ең дамыған техника мен технологияны қолдана отырып, криминалистикалық есептер автоматтандырылып және цифрландырылып жатыр. Бұл криминалистикалық әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көптеген қарапайым азаматтың хабарсыз кеткен туыстарының табылуына септігін тигізеді. Алаяқтық, ұрлық, шекараны заңсыз кесіп өту және одан да ауыр қылмыстардың алдын алып, жолын кеседі.
- Дактилоскопиялық зерттеулер саласында қандай жаңалықтар мен өзгерістер бар?
- «Дактилоскопия», яғни қол саусақ іздерін зерттеу саласының 100 жылдан артық тарихы бар. Қазіргі күні осы саланы терең зерттеп, қызығушылық білдіретін әріптестерім жетерлік. «Дактилоскопиямен» шектесіп жатқан «дермотоглифика» сынды бүгінгі күні бөлек ғылым болуға үміткер болып жүрген бағыттар да бар. Осындай ғылымдарды да меңгерген әріптестерімді көрдім.
Бір күні алаяқтық бойынша оқиға орнына бардық. Бет әлпеті кавказ типтес әйел жәбірленушінің алақаны бойынша болашағын болжап беріп, барлық құнды затын алып кетіпті. Сонда біздің қызметкер жәбірленушінің алақанына қарап, қандай сырқаттары барын, ағзасында қандай өзгерістер болғанын дөп басып айтып бергенде жәбірленуші ғана емес, біз де таңғалдық. Ал әріптесіміз мұны жай ғана қарапайым дактилоскопия мен дермотоглифика деп өз жұмысын одан әрі жалғастыра берді.
- Криминалист жұмысының арқасында ізі суымай ашылған қылмыстар бар ма?
- Тағы бір аға буын қызметкерлермен оқиға орнына бардық. Көптеген пышақ жарақатын алып, соның салдарынан қайтыс болған мәйітті қарадық. Оны қарап жатқанда, біздің аға криминалист жәбірленушіге 4-7 аралығында пышақпен жоғарыдан төмен, солдан оңға қарай соққы жасалғанын, пышақтың мөлшерімен өлшемдері қандай және қандай пышақты іздеу керегін анық айтты. Күдіктінің бойы шамамен 175-185 см, оң аяғына қарай сылтып басады, аяғында өлшемі 43 спорттық аяқ киімі барын да айтты. Осындай суреттеуден кейін күдікті адамды іздеу әлдеқайда жеңіл болғандықтан, бір тәулік ішінде күдікті адам қамауға алынып, қылмыс ашылды. Осындай қылмысты ашуға негіз болу үшін криминалист сот-медицина ғылымының негіздерін білуі тиіс.
Қазіргі күні компьютерлік технологияның дамуына байланысты көптеген қылмыс осы виртуалды кеңістікте жасалады. Бұл кеңістіктің шекарасы жоқ болғандықтан, бір қылмыс бірнеше мемлекетпен байланысты болады. Соның салдарынан мұндай қылмысты ашу әртүрлі қиындықтар әкеледі. Десе де, мұндай кеңістіктерде әртүрлі іздер қалады екен. Бұл іздерді сол баяғы криминалистика зерттейді. Мұндай сала қазіргі уақытта «компьютерлік криминалистика» деген атауға ие. Бұл салада да біз шет қалып отырғанымыз жоқ. Бүгінде департаментімізде IT саласының мамандары қызметке алынып, зерттеу түрлерінің әдістемесін даярлауда.
Әрине бір сұхбатта осыншама күрделі қызметтің қыр-сырын айтып өту мүмкім емес. Қазір көретін көптеген телесериалдан, детектив кітап пен телешоудан криминалистика қызметінің күнделікті жұмыстарын жиі көріп жүрміз. Мұндай қызық оқиғалар криминалистика қызметінің өткені болса, бұл қызметтің ертеңі одан да қызық, одан да күрделі болатынына күмән жоқ. Осындай күрделі қызметтің маманы болғаныма іштей мақтанамын.
- Жақсылық Қалиқарманұлы, криминалист мамандығына қалай келгеніңіз жайында айтып өтсеңіз?
- 2005 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің сарапшы-химик мамандығын тәмамдағаннан кейін криминалистика саласына келдім. Нақтырақ айтсам, Қостанай облысы Жітіқара аудандық ішкі істер бөлімі криминалисі лауазымында бір жарым жылдай жұмыс атқардым. Көрші Лисаковск қаласына маман-криминалист жетіспеуіне байланысты осы қалаға бір жыл шамасында қызмет атқаруға тура келді.
2007 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті жедел-криминалистикалық басқармасына маман-криминалист лауазымына тағайындалдым. Осы жерде криминалистикалық зерттеулер мен есептер бөлімінің бастығына дейін қызмет атқардым. Қазіргі кезде кәсіби деңгейім мен біліктілігімді арттырудамын, ІІМ-нің Жедел-криминалистикалық департаментінде Криминалистикалық зерттеулер мен есептер басқармасының криминалисі лауазымында қызмет атқарудамын. Осы жұмыс өтілім барысында көптеген аға буын өкілі Асхат Нұржанов, Игорь Зубов, Александр Курилов сияқты мамандардан тәлім-тәрбие алдым. Осы саладағы ұстаздарым мен әріптестеріме алғысымды білдіремін!